ҚХА мемлекеттің сенімді тірегі - Евгений Больгерт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ассамблея мен Қазақстан немістері еліміздің нағыз патриоттары және мемлекеттің сенімді тірегі екенін сеніммен айта саламын. Бүгін ҚХА-ның XXIX сессиясында Қазақстан немістерінің «Возрождение» бірлестігі қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Евгений Больгерт осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2001 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы тақырыбына шығарма жазған болатынмын. Онда мектеп түлегінің қарапайым ғана арманы баяндалған еді. Яғни адамдар бір-біріне құрметпен қарайтын, бейбітшілік жайлаған қуатты әрі үлкен мемлекетте өмір сүру жайында өз пікірімді жаздым. Сіз (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев) Қазақстан елордасы еліміздің түкпір-түкпірінен және әлемнен адамдар үшін тартылыс нүктесі болуын, ал Қазақстан халқы жыл сайын өскенін армандаған едіңіз. Мен де осы бағыттағы үрдістен тыс қалмай, өзімнің «шағын ассамблеямды» құрдым. Грузин ұлтының өкілі болып саналатын өзімнің зайыбымды жеті жыл бұрын Киев әуежайында кездестірген едім. Көп кешіктірмей, оны Қазақстанға алып келдім. Сол сәтке дейін ол Қазақстан жайында көп біле бермейтін. Ал қазір біздің үш баламыз бар. Нино Қазақстанды бірден ұнатты, қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көреді», - деді Евгений Больгерт.

Сонымен қатар ол 2012 жылы Елбасы этномәдени бірлестіктер Қазақстанға инвестиция тартуы керектігін тапсырғанын еске салды.

«Қазақстан немістері 20-дан астам инновациялық технологияларды алып келіп, олар ауыл шаруашылығында, құс өсіруде, ет пен сүт өңдеуде табысты іске асырылып жатыр. Сіз үнемі этномәдени бірлестіктер елдер арасында достықтың көпірі болуы керектігін айтып келдіңіз. Ол үшін жақын арада жаңадан Қазақ-неміс орталығы ашылады», - деді Е. Больгерт Елбасына қарата айтқан сөзінде.

«Ассамблея мен Қазақстан немістері еліміздің нағыз патриоттары және мемлекеттің сенімді тірегі екенін сеніммен айта аламын. Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір!», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар