ҚХА дәрігерлерге қолдау көрсету акциясын ұйымдастырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының үндеуіне үн қоса отырып, өмірін қатерге тігіп жүрген дәрігерлерге, медбикелер мен санитарларға қолдау көрсету акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

31 наурызда Президент Қ.К. Тоқаев өз мәлімдемесінде «Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық» деп атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының үндеуіне үн қоса отырып, баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін күнделікті денсаулығын, өмірін қатерге тігіп жүрген дәрігер, медбике мен санитарларға қолдау көрсету акциясын ұйымдастырды.

2020 жылғы 3 сәуірде республикалық #bizbirgemiz акциясы аясында Алматы қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы облысының № 11 шағын стансасына көмек берді.

1 млн теңге сомасында 160 азық-түлік қоржыны жиналып, жедел жәрдемнің 71 қызметкеріне таратылды.

Акцияға ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, Долкунтай Абдулхалил басшылық ететін «Metall Prom Group» ЖШС қолдауымен «Қазақстан ұйғырларларының республикалық этномәдени орталығы», Алматы қаласы «Жаңғыру жолы» РЖҚ еріктілері атсалысты.

Бүгін шағын стансаның медициналық қызметкерлері Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жатақханасына орналастырылып, жұмысқа ауысыммен шығуда. Олар отбасы мен жақынын қалдыра отырып, ештеңеге қарамастан аянбай еңбек етуде.

Бұдан бұрын СҚО ҚХА жанындағы «Ассамблея» бірлескен қоры Петропавл қалалық ауруханасының дәрігерлері үшін 25 қорғаныш костюм жиынтығын сатып алған болатын. Тағы 10 арнайы костюм сатып алу жоспарланып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Радима» беларусь этномәдени орталығының төрағасы, композитор Дмитрий Останькович қазақстандық медиктерге арнап «Посвящение врачам» атты өлең жазды.

Профилактикалық жұмыстар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде күшейтілген карантин енгізілмес бұрын мұқтаж жандарға 170 мыңға жуық қорғаныс маскасын таратып, 3,5 миллион теңгеге жуық сомада материалдық көмек көрсетті, оны қазақстандық 700-ден астам отбасы алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біз біргеміз!» акциясы жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар