Кезекте тұрған түркістандық 1822 отбасы баспаналы болады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында биылғы он айда 492,4 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн-брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, Түркістандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері тұтастай ашық түсті мәрмәр тас пен травертинмен қапталуда. Тұрғын үй құрылысы қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында қарқын ала түскен. Мұндағы 7 қабатты 24 тұрғын үй қараша айының соңында салынып бітеді деп жоспарланған.

«Ипотекалық тұрғын үйлердің қатары артып, жыл соңына дейін кезекте тұрған 1822 отбасы баспаналы болады. Басым бөлігі тұрғын үйге мұқтаж тізімінде тіркелген көпбалалы отбасыларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларға беріледі», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Аймақта тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 595,7 мың шаршы метрді құрайды. 10 ай ішінде 406,4 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша 70 нысан пайдалануға тапсырылмақ.

«Жалпы, облыс бойынша биыл 240 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл мемлекеттік және ішкі істер органдары мен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына тиесілі 77 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар