Кей өңірдің тұрақты жұмыс орындарын құру деңгейі төмен - вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің кейбір өңірінде тұрақты жұмыс орындарын құру жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын құру тапсырмасын берді. Шілде айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселе көтерілді. Қазіргі уақытта министрлік барлық өңірмен меморандум жасады. Меморандумға сәйкес, 431 мың тұрақты жұмыс орнын құруымыз керек. Бүгінде 148 мың жұмыс орны құрылды. Әрине, кей өңірде жұмыс өте төмен, ал кейбірінде жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Министрлік өңірлермен бірлесе отырып, бұл жұмысты одан ары жалғастыратын болады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары аясында 364 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 210 мың адам жұмысқа орналасты.

«Бұл ретте құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда мамандықтары жұмысқа көп орналасқан. Сондықтан бұл бағдарламалардың да орындалуын, жұмыс орындарының құрылуын Еңбек министрлігі бақылауында ұстайды», - деді Серік Шапкенов.


Соңғы жаңалықтар