Кенжеболат Жолдыбай: ҚазАқпарат - елімізді әлемге танытуға ең көп үлес қосқан агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 13 тамызы - еліміздің басты ақпарат агенттігі «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» мен оның жүз мыңдаған оқырмандарын ерекше мереке - Агенттіктің жүз жылдық мерейтойы! Жалпы «ҚазАқпарат» тарихы тым терең, тағылымы талай ұрпақтың жадында. Сол себепті бұл толайым мерекенің мерейі кешегі күндей шежірелі, бүгінгі күндей әсерлі.

Шынайы және жедел ақпарат беріп отыратын заманмен үндес Агенттік бір ғасыр бедерінде бір сәтте толастамай, жылт еткен жақсы жаңалықтардың жаршысы, тың ізденістер мен жаңаша пайымдаулардың ұйытқысы бола білді, өз өмірінде от пен суға мың түсіп, мың шыққан кезеңдерді де басынан өткерді, қиын-қыстау күндерде халықтың жағында тұрды, халықтың сөзін сөйледі, ел қамын ойлап, бірлік пен тірлікке үндер материалдармен табыстырды. Осы орайда «ҚазАқпарат»-тың ардагері, белгілі қаламгер, Бас редакторлар клубының вице-президенті Кенжеболат Жолдыбаймен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

- 2007 - 2011 жылдар аралығында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» вице-президенті қызметін атқарған екенсіз. Бүгінгі күні бір ғасырлық жасқа келген ұжымыңызға айтар тілегіңізді тыңдасақ.

- Бүгінде данагөй абыздың жасына жетіп, жүз белестен асқан Агенттік ең алдымен еліміздің егемендігін бетке ұстаған, Тәуелсіздікті Темірқазық етіп ұстаған отандық ақпарат кеңістігіндегі бірден бір ақпарат көзі десек, әсте қателеспейміз. Және де «ҚазАқпарат» мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпараттың негізгі қайнар көзі, сондай-ақ елдің халықаралық беделінің оң имиджін қалыптастыру, Қазақстанды әлемде кеңінен таныту бағытындағы елдің көпқырлы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірін жедел көрсетіп отырған беделді де белсенді ақпараттық агенттігі.

Қазақстанда ең алғашқы болып халықаралық мәртебе алған Агенттік қазір өз хабарларын отандық және шетелдік ақпарат кеңістігінде қазақ тілінде латын әліпбиімен және төте жазумен төл ақпарат таратуда. Мұның сыртында ел өміріндегі барлық маңызды жаңалықтар орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде де таратылады. Сонымен қатар, ҚазАқпараттың еліміздің барлық өңірлерін қамтитын меншікті тілшілері, Ресей, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Еуропа, Иордания елдерінде орналасқан өкілдіктері Агенттікке елімізде және шетелдерде болып жатқан оқиғалардан шынайы да толыққанды ақпарат таратуға мүмкіндік туғызуда.

Бір сөзбен айтқанда, «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ замана лебімен мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұны мен сапасы тұрғысынан айтарлық дәрежеде жетістіктерге қол жеткізіп, нарыққа негізделген ақпарат кеңістігінде айтулы орны бар екенін мойындатып отыр. Кезінде осынау іргесі берік ұжымда қызмет атқарғанымды мақтан тұтамын әрі сол жылдарды ерекше жылылықпен есіме алып жүремін. Алдағы уақытта да Агенттіктің атқарар жұмыстарының ауқымы зор бола беретініне, елімізді көркейтіп, өркениет көшіне ілестіруге өлшеусіз үлес қосатынына бек сенімдімін.

Кенжеболат Махмұтұлы,«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» ұжымында жүзеге асырған жобаларыңыз бен есте қалған естеліктеріңізбен бөліссеңіз?

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырға­нын­дай, әлемдік қоғамдастық шынайы, нақпа-нақ берілген ақпараттар арқылы елдерде болып жатқан тың өзгерістерден, саяси-әлеуметтік және экономикалық жетістіктерден құлағдар болып отырады. Тығыз әріптестік, өзара ын­ты­мақтастық орната білудің нәтижесінде қыз­меттерін табысты жалғастырып, халықаралық деңгейге көтерілген ақпараттық бірлестіктер де бар. Мысалы, Азия және Тынық мұхит елдері ақпараттық агенттіктерінің ұйымын, сондай-ақ Еуропалық баспа агенттіктерінің альянсін атауға болады. Ал ТМД ақпарат агенттіктерінің кеңесіне келсек, ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің 2003 жылдың 13 қыркүйегіндегі отырысында Достастыққа қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпарат агенттіктері арасында материалдар алмасу, төтенше және техногендік жағдай­лар­да, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсетуге байланысты ақпараттар алмасу туралы келісімдерге қол қойылған болатын. Міне, осы құжаттарда нақтыланған мәселелерді орындау мақсатында 2003 жылғы 23 қыркүйекте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық ақпарат агенттіктерінің қауымдастығы құрылған еді. «Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясы« акционерлік қоғамы бүгінде осы қауымдас­тықтың белсенді мүшесі болып табылады. Біз осы іигілікті істің басында болдық.

Кенжеболат Махмұтұлы, «ҚазАқпарат» агенттігі кезінде Қазақ ССР- індегі жалғыз телеграф агенттігі болған ҚазТАГ-тың мұрагері. Жүз жылдық тарих! Бізге сіз көзбен көрген кейінгі кезеңдер туралы деректерді айтып берсеңіз?

1997 жылы ҚазТАГ қайта ұйымдастырылып, Қазақ ақпарат агенттігі болып құрылған тұс оның қаржы тапшылығы мен нарық қыспағына түскен күрделі кезеңге дөп келген еді. Дегенмен, агенттік нарық жағдайына бейімделіп қана қоймай, барлық жағынан сапалық деңгейге көтеріле білді. Заман ағымының ақпараттық ағынына ілесе алатын кәсіби тілшілер құрамы қалыптасып, ақпараттар саны да, сапасы да артты. Интернет желісіне шығу арқылы біздің жаңалықтарды оқып танысатын тұрақты тұтынушылар географиясы республика аумағынан асып, төрт тарапта да ұлғайды. Жаңалықтар тарату қызметінің ауқымы кеңейіп, ел экономикасы мен әлеуметтік-мәдени өміріндегі барлық маңызды жаңалықтарды қазақ тілінде ғана емес, ағылшын және орыс тілде­рін­де таратып келеміз. Агенттіктің ең басты ерек­ше­лігі де, басқалардан айырмашылығы да, міне, осында жатыр деп ойлаймын.

Қазақ ақпарат агенттігінің қарқынды өсіп-өркендеуі үшін бірінші кезекте мемлекет тарапынан қолдау жасалды. Агенттіктің қызметі Қазақстанның әлем­­­­­дік ішкі және сыртқы саясатын ақпараттық қолдауды, еліміздің әлемдік қауымдастық ал­дын­дағы оң келбетін қалыптастырып, геосая­саттағы орны мен беделін нығайтуды басты нысана етіп ұстанды. Бұл орайдағы хабарлардың тек ақпараттық сипатта емес, заман талабына сай ақпараттық-сараптамалық та мәнге ие болғанын айтуым керек. Бұрын мемлекет өміріндегі барлық оқиғалар мен жаңалықтар желісі бойынша ғана таралса, сол жылдары деректер мен дәйектер тө­ңірегіндегі ой-толғамдар мен тұжырым, пікірлер де қамтылып, көлемді сараптамалық материал­дар түрінде «ҚазАқпарат қонағы», «Өзекті пікір», «Апталық шолу» секілді айдарларда көрініс тауып отырды.

Агенттік мұның сыртында сыртқы саясатты, соның ішінде геосаяси мүдделерімізді ақпарат­тық қолдау мақсатында өзінің шетелдердегі тілшілер қосынын да біртіндеп кеңейтті. Агенттіктің меншікті тілшілері Нью-Йорк, Брюссель, Бейжің, Мәскеу, Магдебург, Таш­кент, Баку, Бішкек секілді қалалардан тұрақты хабар берді.

Жалпы, мен қызмет еткен кездері агенттіктің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі сайттарына күнделікті жеті-сегіз мыңдай оқырман кіретін. Ал үш тілдегі бұл жаңалықтарды Ресей, Қытай, Канада, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Түркия, тағы басқа 50-ге жуық елдерден тәулігіне 800-1000-дай адам тұрақты түрде оқып тұрды. Мұның сыртында агенттіктің сайтына 30-дан аса мемлекетте тұратын қазақ бауырларымыз оқырман ретінде тіркелгенін де айта кеткенім жөн.

Естелігіңіз бен құтықтауыңызға рахмет.

Автор Махат Садық


Соңғы жаңалықтар