Кенжеболат Жолдыбай: Бізге ұлт мұрасына ие болатын ұқыпты ұрпақ керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда Тұңғыш Президент Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі - саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.

Осы төңіректе саясаттанушы, публицист Кенжеболат Жолдыбаймен сұхбат болған еді.

- Қазақтың ұлы мұрасына ие болатын ұқыпты ұрпақ керек. Тәуелсіздігімізді нық қалыптастыру жолындағы ауыспалы кезең, транзит дәуірі баршамызға жауапкершілік жүктейді. Ол бірнеше жылдар бойғы бірнеше адамның еңбегі. Соны біз бастадық па, әлде белді бекем буып бастауымыз керек пе?

Негізі әуелі өзің туралы білмей тұрып, өзге туралы айту ұят іс. Сондықтан да біздің таулардың алдында үнсіз тұратынымыз бар, даланың мұңын үнсіз сезінетініміз бар, теңіздің тілін үнсіз ұғатынымыз бар. Осы үнсіздіктердің бәрін қариялардың алдындағы үнсіздіктен үйренген секілдіміз. Әсіресе, біздің халық. Сәті түсіп сөз сұрадыңыз, шама-шарқымыз келгенше айтып көрелік.

Әрине, сауалыңыздың астары терең, мәнісі қырық атанға жүк болатындай екенін аңғару қиын емес. Сондықтан ауқымды тақырыптың кейбір тұстарына ғана тоқтала кетуді жөн санап отырмын. Осы ретте, кешегінің арты, бүгінгінің алды саналатын қазіргі ұрпаққа қатысты айтсам ба деп едім. Өйткені, елдің тірегі де, жүрегі де – ұрпағы, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел болашағы, қорғаны. Өзіңіз айтқандай, бізге ұлттың ұлы мұрасына ие болатын, болашақты баянды ететін ұқыпты ұрпақ керек. Ал бұл қазір өте үлкен мәселеге айналып отыр. Олай дейтініміз, осыдан 30 жылдай бұрын қашаннан армандағанымыз – елдің, тілдің бостандығы, заңдылық, әділетті қоғам құру мүмкіншілігі қолымызға тисе де, бойымызға әбден сіңген жаман әдеттерден, теріс әрекеттерден, дөрекі қылықтардан, масылдық пиғылдан әлі де көбіміз айыққан жоқпыз.

Бәрімізге белгілі, 70 жыл бойы ата дәстүріміз аяққа басылып, ұрпағымыз қасиетті ана тілінде ұлағатты сөз тыңдаудан қалып бара жатты. Өз кезегінде бұл бізге отбасының қазақи тірлігін іріткен, ата дәстүрден алшақтатқан індет болып жабысты. Осыдан барып үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауды білмейтін ұятсыз ұл мен көргенсіз қыз, кердеңдеген келін, аузынан аталы сөз шықпайтын қарттар тобы бой көрсете бастады. Сонан соң адамды аздыратын арақ-шарап деген әзәзіл дастарханымыздың ортасынан ойып тұрып орын алды. Қазір оны ерлер ғана емес, қайын аталары мен қайнағаларына қосылып келіндер де еркін сілтейтінді шығарды. Қыздарымыз да қалыспайтын болды. Ол - ол ма, жаңадан отау тіккен жас келіншектер «дүниенің қызығын көре алмай қаламыз» деп бала табуды шектеуге көшті. Демократияны желеу етіп ақпарат құралдарында қатыгездік, атыс-шабыс, төсек қатынастары тәрізді жабайы қылықтар жаппай насихатталуда. Ең сорақысы, елімізге аты мәлім әйел журналистердің көгілдір экраннан қазақ қыздарының абыройына дақ түсіретін телехабарлары пайда болып, ұлт болашағына шабуыл жасалып отыр. Істің насырға шауып, мәселе сотқа шағымдануға дейін барып жатуы соның бір дәлелі іспеті. Сондай-ақ, соңғы кезде көптеген жоғары лауазымды адамдардың қылмысқа бой беріп, істі болып жатқаны көп жәйді аңғартатыны анық. Алаяқтықпен айналысып талай адамның обалына қалғандар, атқа мінгеніне желігіп, заңды белінен басып, желден озбақ болып жүргендер, тамыр-таныстықпен майлы жілікке ие болып, өз күй-жайларын күйттеумен айналысатындар, істі нақты шешудің орнына сөз бұйдаға салып, жұртты әуреге түсіретіндер қатары сиремей тұр. Міне осындай келеңсіз көріністермен аяусыз күрес басталмай, отбасымызда, жалпы қоғамда береке - тыныштық қайта оралмасы белгілі.

Иә, еліміздің көкірегіне сан жылдар бұрын қадалған шірік шегені шығару әсте оңай емес. Ар ождан түбегейлі тазару керек. Ал ұжданның негіздері: ерік, зейін, сезім. Жаратылыс мақсатына қарай бет бұрмай, өз болмысыңды сақтау қиын. Оған рухы мықты, жүрегі түкті, төзімі зор, елінің тарихына жан-тәнімен қызыққан, басыбайлы берілген адам ғана атының басын бұрады. Шерағаңның: «Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл» деп айтуы тегін емес. Олай болса, бізге күрт өзгеріс қажет және ол бірінші кезекте санамызды өзгертуден басталғаны жөн. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты да – осы. Ал оны жүзеге асыруға бірден-бір жауапты, ол – біздің қазақ. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында».

Ал осы дүниелерді жалпақ жұртқа қалай жеткізуіміз керек? Кітап оқу, адамды тыңдау азайған уақытта оған қандай шара бар?

Қазақ қауымының жаңа замандағы ақыл-ойы мен санасының қалыптасуы ұзақ уақытты қажет ететіні анық әрі ол бүгінгі алған тәрбиеге, сіңірген білімге, меңгерген өнерімізге тікелей байланысты. Тәрбиенің қуаты жөнінде кезінде Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие» деген еңбегінде жақсы айтады: «Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие».

Рухани құндылықтарды әр адам өз бойына жас шағынан сіңіре бастайды. Осындайда балалық шағым есіме түседі. Өздерінің талайлы тағдырында ауыр тұрмыстың дәмін бір кісідей татып, жақсыны да, жаманды да біраз көрген менің ата-анам біздің бойымызға кісіліктің ізгі қасиеттерін сіңіруге ұмтылды. Кейін байқағанымдай, күн сайынғы көзге онша көріне бермейтін қарапайым адамдардың іс-әрекеттері шындап келгенде жоғары адамгершіліктің үлгісі екен және оған әлденеше мәрте көзім жетті. Әлі есімде, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында бізден теміржолмен арнайы вагондарға артып, басқа аймақтарға пресстелген шөптерді жөнелту қажет болды. Бұл жұмысқа біраз адам жегілді, ал ақысына сол шөп белгіленді (шарт бойынша берілуге тиіс шөптің мөлшері тиелген вагонның санына қарай байланысты болды). Ел болғасын әртүрлі адамдар бар. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып, артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді әкем тыйып тастап отыратын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұдан өткен күнә жоқ. Адамды алдауға болар, Құдайды алдай алмайсың!» деп айтқаны, бізді адал болуға шақырған әке өсиеті екенін көп кейін біліп жүрдім.

Сондықтан бұрынғы қазақ отбасындағы жақсы әдет ғұрыптарды қазіргі заман талабына сай қайта жаңғыртып, жетілдіре түскен жөн. Жалпы отбасы – ұлт болып қалыптасудың күретамыры деген ұғым қоғамда түпкілікті орнығуы керек. Осы орайда ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Үкімет тарапынан мемлекеттік тапсырыс көлемі барынша ұлғайтылып, отбасы құндылықтарына қатысты телехабарларды тек прайм-тайм уақытында көрсету, ал мерзімді баспасөзде арнайы айдарлар ашылып, материалдардың жүйелі түрде беріліп отырылуы толықтай қамтамасыз етілуі тиіс. Әлеуметтік желілер арқылы да қыз бала тәрбиесі, ұят ұғымына қатысты, берген уәдесінде тұра білу мәселесі, қазақ тілін өркендету төңірегіндегі тақырыптарға лайықты көңіл бөлінсе, кинолар шығарылып, көпшілікке ұсынылып жатса құба-құп.

«Адамгершілік» - адам бойындағы «инабаттылық», «ізгілік», «кісілік», «сыйластық» сөздерімен мәндес. Ұлттық тәрбие ілімінде адамның жағымды мінез-құлықтарын осы ұғымдардан таратады. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды барынша жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал - мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Ал Жүсіп Баласағұн «Жастары иманды елдің болашағы зор» деген. Жас адамды имандылыққа баулу үшін олардың ар-ұятын оятып, намысын қайрап, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты әдептік - психологиялық қасиеттерді олардың бойына сіңіру - әрбір отбасының, балалар бақшасы мен мектептің, жоғары оқу орындарының парызы. Имандылық тәрбиесін баршаға игерту мүмкіндігі, мұралық дәстүрі, білімдік қоры, үлгі-өнегелік ғибраты Діни басқарма, оның жергілікті жердегі имамдарының тарапынан атқарылып жатса игі. Бірақ, бұл тұста әзірге ұтымды пайдалану дағдысы жетіспей келеді.

Сөз жоқ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Отбасыңды айтпағанда, балабақшадан бастап мектеп, арнайы және жоғарғы оқу орындары, кітапхана сияқты оқу-тәрбие ошақтары сол алтын ұяның біріне айналары сөзсіз. Ендеше осы орындарда не оқысаң, ертең сол оқығаныңмен кетесің, одан кейін өзіңді-өзің түзеу қиын. Өзіңді-өзің тану оқулықтан басталса керек, ал бұл бүгін аса өзекті мәселе болып тұрғаны шындық. Яғни сапалы оқулықтар мен кітаптарды шығаруды дұрыс жолға қоя білсек, Сіз көтеріп отырған мәселе де оң шешімін табары анық. Сондай-ақ, қоғамда кез келген келеңсіз көріністерге төзбеушілік ахуалын қалыптастыратын тетіктер қарастырылғаны жөн болар еді. Айталық, көрнекі құралдары арқылы заң бұзушылыққа жол бергендер туралы, заңды елемеушілік неге әкеліп соғатыны жайлы ашып көрсететін нақты мәліметтер беріліп отырса...

Бір сөзбен айтқанда, дін мен ділді, тіл мен мәдениетті қалыптастырып, өркендету, рухани жағынан саналы көзқарас танытып, ақ пен қараны айыру жағына келгенде өз ішімізден ықпалы мол жұмыстар жүргізе беруіміз керек.

Мемлекеттің мемлекеттілігі оның өзінің тағдырына қатысты мәселелерді өз бетінше шеше алуында. Ал, зиялылардың осы тараптағы міндеті қандай деп ойлайсыз?

Теледидардан бір тәжірибені көргенім бар. Инкубатордан жаңа шыққан, демек жетім балапандардың алдынан нендей де затты – доп, ойыншық, кебіс – сүйретсе, таңдамайды, шықылықтап соның ізінен ере жөнеледі. Сөйтсе олар әлгі затты анам деп есептейді екен. Өзінің тарихи дәстүрін қастер тұтпаған, одан адасқан, өзекті арқауы жоқ ел әр кебістің ізіне еріп өркениетке жетемін деуі қиын-ау. Сондықтан Сіз өте дұрыс айтып отырсыз. Кез келген мемлекет өз тағдырына қатысты мәселелерді өзі шешуі қажет. Әрине өз азаматтарының күшімен. Бұл тұста зиялы қауым өкілдерінің алатын орны ерекше десек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдінің «Зиялы деген кім? Зиялы дегеніміз – әрбір тарихи кезеңде, сын сағатында ұлттың алдындағы міндеттерді анықтаушы. Міндеттерді анықтап қана қоймай, іске асыратын тетіктерді белгілеуші» деген анықтамасымен толық келісуге болады. Расында, зиялылық пендешіліктен биік тұра біліп, мына жарық дүниеге төменнен емес, қыран құстар ғана қалықтай ұшып шыға алатын асқар биік тау шыңдарынан қарау, тұлғалану деген сөз болса керек.

Осы ретте, бұрынғы Жезқазған облысының Жезді ауданын 16 жыл үзбей басқара отырып, ауданын сол кездегі Кеңес одағы көлемінде қатарынан үш бесжылдық жеңімпазы атандырған, зейнеткерлікке шыққан сәтінен өмірінің соңына дейін жасаған дүниесі не дарыны, не арыны асқан адамдар ғана бара алатын тірлік – шағын ғана Жезді кентінде ТМД елдерінде теңдесі жоқ тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайын ұйымдастырған Мәкен Төрегелдин жөнінде шағын бір естелікті айта кетудің реті келіп тұр.

Бұл әңгімені Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданының әкімі болған, марқұм Баттал Мұқышұлы айтқан еді: «2003 жылдың көктем айында ағамыздың 80 жасқа толуын аудан халқы болып тойлауға дайындалдық. Сәуір айының басында Мәкеңнің үйінде болғанымда, ол «Қазақмыс» корпорациясы басшылары Ким Владимир Сергеевичке және Юн Руслан Борисовичке 80 жылдық тойының шақыру билетін жеткізіп беруді маған тапсырды. Келесі күні, Владимир Ким іс сапарда екен, шақыру билеттерін Руслан Борисовичке табыстадым. Ол кісі маған: «Мәкен аға 80 жасқа келсе жақсы сый жасайық. Корпорация ол кісіге «Джип» автокөлігін немесе Жезқазған қаласынан жақсы коттедж үй берсе, қайсысын қалайды екен, сен соны сұрап біліп бер», дегесін бұл хабарды Мәкеңе айтып едім, ол: «Сен Руслан досыңа сәлем айт, менде автокөлік те, үй де бар. Ашық аспан астында музейдің экспонаттары жатыр, соның төбесін жауып берсін», деп бірақ түйді. Русланға келіп ақсақалдың сәлемін жеткізгенде ол маған қарап: «Баттал, міне біз осындай кісілерден үлгі алуымыз керек. Айтқан шаруасын орындаймыз», деді.

Мінеки, осыдан кейін зиялылықтың жарқын үлгісі, атқаратын міндеті – халқына қызмет ету екендігін ерекше түйсінесің. Осындай азаматтарымыз көп болғай деп тілейсің. Шындап келгенде, біз тәуелсіз ой айтуға, жағынбай, тура да тік пікір білдіре алатын адамдарға жол ашуымыз керек. Өйтпеген жағдайда қоғам дамымайды.

Сөзімді «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға - оқу керек. Бай болуға - кәсіп керек. Күшті болуға - бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, аса көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен аяқтағым келеді. Ахаңның аманатына адалдық танытып, әрі Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтаса отырып, прагматикалық қадамдарды ұстансақ ұпайымыз түгенделері, шаруамыздың бүтінделетіні сөзсіз.



Соңғы жаңалықтар