Кентауда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 64 млрд теңгеге жеткен

None
None
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Кентау қаласында ауыл шаруашылығының өнім көлемі 64 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладағы 3 ірі, 27 орта және шағын кәсіпорында 28 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Қала әкімі Дәурен Мақажановтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар мен облыстық өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына жалпы құны 13,7 млрд теңгеге 8 жоба енгізілген.

Тағы 4 жоба толығымен іске асырылған. 2020-2022 жылдары қала бойынша 4 инвестициялық жоба іске асуы жоспарлануда. Ал, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10 ай қорытындысымен 4 млрд теңгеге инвестиция тартылған.

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін құру» жобасы бойынша 6 ауылдық округте 10 ауылшаруашылық өндіріс кооперативі құрылып, оған 1269 шаруа қожалығы тартылған.

«Қалада халық саны - 208 170. Экономикалық белсенді тұрғындар саны 89 586 адамға жетіп отыр. Биыл табысы кедейлік шегінен төмен 2501 отбасы мен 13 364 адамға 900 млн теңгеге жуық көмек тағайындалып, 10 айда 760 млн теңге төленген. Сондай-ақ, тұрғындар игілігі үшін ағымдағы жылы жалпы алаңы 20734,8 шаршы метрді құрайтын 134 жекеменшік тұрғын үй пайдалануға берілді. 60 пәтерлі он тұрғын үй пайдалануға берілуге дайын. Дегенмен, 600 пәтер өз иесін күте тұрады. Себебі, газ жүйесі тартылғаннан кейін кентаулық отбасылар қоныс тойын тойлайды», – деді Дәурен Сәбитұлы.

Айта кетейік, бүгінде Кентау қаласында тұрғын үй кезегінде төрт мыңнан аса адам тұр. Алайда биыл бір де бір тұрғынға баспана берілмеген.


Соңғы жаңалықтар