Кентау трансформатор зауытының өнімі әлемнің 14 еліне экспортталады

None
None
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Еліміздегі ірі кәсіпорындарының бірі Кентау трансформатор зауытында жылына 28 млрд теңгенің өнімі шығарылады. Заманауи үлгідегі трансформаторлар Әзербайжан, Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан секілді бірнеше елдерге экспортталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

60 жылға жуық тарихы бар зауытта өндірілген өнім көлемі де жыл сайын артып келеді. Кәсіпорында негізінен электромеханика жабдықтары шығарылып, сапалы өнімнің тең жартысы әлемнің 14 еліне экспортталады. Зауытта 1 200-ден астам маман еңбек етеді. Олардың барлығы – қала тұрғындары. Кәсіпорында маман тапшылығына жол бермеу үшін кадрлық қор әзірлеу басты назарға алынған. Өндіріс жанынан кәсіби колледж құрылып, онда дайын мамандар даярланады. Зауыттың басқарма төрағасы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшесі Хайрулла Қожабаев кәсіпорынды жаңа техникамен жарақтандыруға және жаңа өнім шығаруға басымдық берілетінін айтады.

«Бізде жұмысшыларды әлеуметтік қолдау аясы кең. Зауытта отбасын құрған жастарға, сәбилі болған жас отбасыларға және әлеуметтік жағдайы төмен жандарға әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Өзіміздің қызметкерлерімізге соңғы 10 жылда 248 үй берілді. Енді биыл 40 пәтерлі үй салып жатырмыз. Оны қыркүйек айында береміз деп отырмыз. Одан кейін қосымша тағы да 500 орындық жатақхана салынуда. Ол біздің жас мамандарды қолдау үшін беріледі», - дейді Хайролла Қожабаев.

Айта кетейік, зауыт өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында облыс бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алған болатын.


Соңғы жаңалықтар