Кентау қаласында көпқабатты 100 тұрғын үйді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

None
None
КЕНТАУ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Кентау қаласында көпқабатты 100 тұрғын үйді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ойын алаңшалар мен аулалар да қайта ретке келтіріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, шағын шаһарда 368 көпқабатты тұрғын үй бар. Оларды кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. 2019 жылы 1074,2 млн теңгеге 44 көпқабатты тұрғын үй ретке келтірілген.

Ал, 2020 жылға облыстық бюджеттен 32 көпқабатты тұрғын үйге тиісті қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда қалған 100 көпқабатты тұрғын үйге республикалық бюджеттен 3 274 350,0 мың теңге ақша бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Үйлер жыл соңына дейін толық жаңғыртылады деп күтілуде. Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулаларын толықтай жөндеуден өткізу де қолға алынып отыр. Аулаларға аяқжолдар салынып, ішкі жолдар асфальттанады. Заманауи қоқыс алаңы қойылып, соңғы үлгідегі балалар ойын алаңшалары орнатылмақ.

Бүгінде Кентаудағы Абай, Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Ясауи көшелерінің бойындағы бірқатар үйлердің аулаларына ойын алаңшалары салынып, жол төселген. Өзге көшелердегі аулалар да назардан тыс қалмай, бұл жұмыстар 2022 жылдың соңына дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар