Кентау қаласында Елбасы есімді азамат тұрады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Кентау қаласында Елбасы есімді азамат тұрады. Ерекше есімді иеленген оған көпшілік таңданыспен қарайды екен.

«Есімімді есіткен адамдар бірден таңданысын білдіріп жатады. Қызыға қарайды. Сенбейтіндерге төлқұжатымды көрсетемін. Жол патрульдік полициясының қызметкерлері тоқтатқанда да құжаттарымды көріп, қайта-қайта қарағаны бар», – дейді ол.

Елбасы Көлбаев 1969 жылы Отырар ауданы, Қостерек ауылында дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепті бітірген соң, жеке кәсіппен айналысқан. Қазірде шағын және орта бизнес саласында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

«Ата-бабаларымыз Киров ауданына барып, канал қазған екен. Содан елге оралғанда мен туылыппын. «Елге қайтқан кезде дүниеге келген сәби ғой» деп менің есімімді Елбасы қойыпты. Бала кезімде есімім біртүрлі естілетін. «Неге Марат, Мұрат, Жәнібек етіп қоймады?» деп ойлайтынмын. Ал, еліміз тәуелсіздік алған соң, Елбасы сөзі кең танымалдыққа ие болды. Қазір есімімді мақтан тұтамын», - дейді ол.

Елбасы Сейітмұратұлы бүгінде 2 ұл, 1 қыздан, 6 немере сүйіп отыр. Жұбайы да жеке кәсіпкер. Көлбаевтар отбасы Кентау қаласының әлеуметтік–экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отыр. Яғни, кәсіпкерлік саласындағы көшбасшы.

«Аталарымыз елдің басы болсын, замандастарының көшбасшысы болсын деп осы атты азан шақырып қойған екен. Елбасы есімін иеленген соң, оны абыроймен алып жүру керекпіз», - дейді Елбасы Сейітмұратұлы.


Соңғы жаңалықтар