«Кеңқияқ-Атырау» реверсі ІІІ тоқсанда қолданысқа беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің батысынан шығысына тасымалданатын мұнай көлемін 6 есе арттыратын жоба биыл үшінші тоқсанда аяқталады, деп хабардайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі редакцияның сауалына осындай жауап жолдады.

«Бүгінгі таңда еліміздің үш ірі мұнай өңдеу зауыттарына («АМӨЗ» ЖШС, «ПМХЗ» ЖШС және «ПКОП» ЖШС) мұнай жеткізу толық қамтылған. Сонымен қатар, «МұнайТас» ЖШС өнімділігі жылына 6 млн тонна болатын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверс жобасы іске асырылуда. Реверс жобасын іске асыруды аяқтау 2021 жылғы 3 тоқсанға жоспарланған», - деп жазады ведомствоның мамандары.

Негізі бұл жоба былтыр желтоқсанда бітуі керек болған. Пандемияға байланысты шектеулер нысанның қолданысқа берілу мерзімін шегеріп отыр.

Министрліктің жауабына сүйенсек жақын арада мұнай экспортының тасымалы жолын әртараптандырып, қазіргі маршруттарға тәуелділіктен құтқаратын тың бағыттар қолға алынбайтын тәрізді.

«Қазақстан Республикасының қолданыстағы экспорттық бағыттары айтарлықтай әртараптандырылған. Елімізде өндірілген мұнайдың негізгі көлемі дәстүрлі түрде Еуропалық Одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия және тағы басқа бағыттарға экспортталады. Каспий құбыр консорциумы мен Атырау-Самара мұнай құбырлары Қазақстан Республикасы үшін мұнайдың қолданыстағы негізгі экспорттық бағыттары болып табылады», - деп жазады министрліктегілер.

Яғни экспорт көлемін арттыру үшін осы аталған құбырлардың тасымал қуатын арттыру көзделіп отыр.

«Теңіз және Қашаған кен орындарында мұнай өндірісінің ұлғаюына байланысты 2019 жылы Каспий құбыр консорциумы акционерлері мұнай құбырының тар жерлерін жою жобасын іске асыру туралы шешім қабылдады. Жоба болашақта қазақстандық учаскенің өткізу қабілетін жылына 53,7 млн тоннадан 72,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыруды аяқтау 2023 жылға жоспарланған», - деп жазылған ресми жауапта.


Соңғы жаңалықтар