Кедендік одақ инновациялық жобаларды кеңінен пайдалануға зор мүмкіндік береді - В.Маначинский

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Кедендік одақ кедергіні азайтты. Бұл шекара асып, сауда-саттық жасайтын ақмолалық кәсіпкерлердің пікірі.

Солардың арасында облысқа, одан қалды республикаға танымал Зеренді ауданының Садовое селосындағы «Мilk Project» серіктестігінің директоры Валерий Маначинский: «Шекараны ашсақ, Ресейдің тауарлары басып кетеді де, бұдан отандық кәсіпкерлеріміз жапа шегетін болады деп қара аспанды төндіргендердің айтқаны бекер болып шықты. Дүкендер мен базарларда сатылып жатқан тауарлардың арасында Ресейдің заттарының үлес салмағы бұрынғы деңгейден асқан жоқ. Керісінше, Ақмола облысының аумағында жергілікті жерде өндірілген азық-түлік тауарларының үлесі жыл өткен сайын артып келеді», деген пікір білдіріп отыр.

Бұрын басқаны былай қойып, шұжық пен конфет-печенье, тіпті сүт өнімдеріне дейін Ресейден тасылса, қазір отандық өнімдер, оның ішінде облыстың өз аумағынан шығарылған өнімдер қатары көбейе түскен. Бұған соңғы жылдарда облыста өнеркәсіп пен өңдеуші саланы дамыту бағытында мақсатты жүргізілген жұмыстардың игі ықпалы тиіп отырғаны анық. Соңғы бірер жылдың ішінде ғана облыста жаңа технологиямен жұмыс істейтін сүт өнімдерін шығаратын бірнеше ірі кәсіпорын іске қосылды. Соның бірі жоғарыда аталған Садовое селосындағы «Мilk Project» серіктестігі. Кәсіпорын алғашқылардың бірі болып биылғы жылы шекаралас Омбы облысына сүт өнімдерін жөнелтуді көздеп отыр.

«Кеден одағы төңірегінде айтылып жатқан әртүрлі алыпқашты әңгімелер әлі де бар. Дегенмен, шекара асып, Ресейге барып тұратын қарапайым халық пен осы елмен іскерлік байланыстағы кәсіпкерлер Кедендік одақтың игіліктерін қазірдің өзінде сезіне бастаған жайы байқалады. Өйткені, шекарада бұрынғыдай көп кідіріс, ұзын-сонар кезек жоқ. Заттарыңды тексеріп, сөмкеңді ақтарып, тауар тиелген көліктерді сағаттап, тіпті, тәуліктеп қаңтарып қоятын жайлардың бәрі ұмытылған. Құжаттарың түгел болса болғаны, тек, қару-жарақ, есірткі жоқ па деген бірер сауалдан кейін жүре беруіңе болады. Ағымдағы жылы біздің кәсіпорын да көрші Омбы облысына сүт өнімдерін жөнелтуді жоспарлап қойған. Бұл біздің кәсіпорынның өрісін кеңейтіп, өндірістің дамуына жол ашпақ. Жалпы, Кедендік одақ, оған мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығы саласының тамырына қан жүгіртіп, инновациялық жобаларды кеңінен пайдалануға зор мүмкіндік береді»,-дейді В.Маначинский.

Соңғы жаңалықтар