Қазығұрт ауданындағы жалпы өңірлік өнім көлемі 130 млрд теңгеден асқан

None
None
ҚАЗЫҒҰРТ. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев Қақпақ, Қызылқия ауылдық округтеріндегі халықпен кездесіп, өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндап өтті. Аудан басшысының кезекті есеп беру жиынына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов арнайы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеген Телғараевтың айтуынша, аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 130 млрд 782,1 млн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 121,6 пайызға артық орындалғанын көрсетеді. Ал, ауданға тартылған инвестиция көлемі 19 млрд 851 млн теңгені құраған.

«Бүгінгі таңда, «Қазығұрт» индустриялық аймағында 7 млрд 300 млн теңгелік 5 жоба жүзеге асырылуда. Онда 193 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауданда жұмыс істеп тұрған 19 өнеркәсіп орны 7 млрд 840 млн теңгенің өнімін өндірді. Нақты көлем индексі 105,2 % құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 412 млн теңгеге артық өнім шығарылған», – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, аудан әкімі аталған ауылдарда атқарылып жатқан және алдағы уақытта іске асырылатын жоспарларымен бөлісті. Мәселен, Қақпақ ауылында мал бордақылау шаруашылығы кеңінен дамып келеді. Осы бағытты кешенді түрде жүзеге асырып отырған мекеменің бірі «Қарқын 2030» ЖШС. Аталған кәсіпорын «Нарлен» маркалы ет өнімдерін өндірумен де айналысады. Заманауи технологиямен жұмыс істейтін цехта шұжықтың 52 түрі өндіріледі. 180 тұрғылықты азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестік тәулігіне 10 тонна өнім шығарып, өткен жылы 22 тонна шұжық өнімдері алыс та жақын шетелдерге экспортталған. Қазіргі таңда серіктестіктің ауқымын кеңейту мақсатында 3 мың мал басына арналған мал бордақылау алаңын салуды қолға алған. Ал, Қызылқия ауылдық округіндегі «Даян» шаруа қожалығы лимон өндірумен айналысып келеді. Өткен жылы өнім көлемін 25 тоннаға жеткізіп, Ресейге экспорттауды бастаған.

Жиын соңында аудан тұрғындары Төлеген Телғараевқа көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды. Өз кезегінде есептік жиынды қорытындылаған ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.


Соңғы жаңалықтар