«Қазпошта» АҚ мен СҚО әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандум жасасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі шалғай аудандар мен ауылдарда мемлекеттік қызметтерді көрсету және әлеуметтік карталардың мүмкіндігін кеңейту мәселелері бойынша бірлесе әрекет етпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Екіжақты әріптестік Халыққа қызмет көрсету орталықтары қарастырылмаған елді мекендердің тұрғындарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер үшін «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жүгінуге мүмкіндік бермек. Солтүстікқазақстандықтар қажетті қызметтерге аудан орталықтарына немесе қалаға жол тартпай-ақ, тапсырыс береді. Бұл ретте олар өздерінің қаржысын және уақытын үнемдейді.

«Қазпошта» АҚ басшысының сөзінше, пошта байланысы бөлімшелері арқылы әлеуметтік маңызды қызметтердің көрсетілуі – бұл өңір тұрғындары үшін ыңғайлы жағдай жасауға тағы бір қадам.

« Бүгінде «Қазпошта» - әлемнің кез келген нүктесінен шалғай ауылдарға сәлемдемелерді жеткізетін еліміздегі жалғыз компания. Өткен жылы солтүстікқазақстандықтарға біз 300 мыңнан астым пошта жөнелтілімдерін жеткіздік. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Біз компанияның мүмкіндігін ауылдық жерлерде тұратын қазақстандықтарға мемлекеттік қызметті көрсетуге бағыттауға шештік. Еліміздің барлық өңірлерінде пошта байланысының кең желісі бар екенін ескерсек, бұл жоба қосымша шығынды талап етпейді «, - деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев .

Ұлттық пошта операторы мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді көрсетуге бағытталған пилоттық жобаны Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырып отыр. Биылғы жылдың 1 сәуірінен ШҚО 167 пошта байланысы бөлімшелері тұрғындарға egov.kz және aleumet.egov.kz порталдары арқылы қызмет көрсетеді. Бұл тәжірибе Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде де қолданылмақ.

« Біз барлығымыз «Қазпошта» еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып жүргенін көріп отырмыз. Біздің облыстың тұрғындарына 167 пошта байланысы қызмет көрсетеді. Онда 1 304 адам еңбек етеді. Бүгінде 139 бөлімше автоматтандырылған. Биыл бұл көрсеткішті 100 % жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оның арқасында облыстың тұрғындарына ыңғайлы жағдай жасаймыз «, - деп атап өтті СҚО әкімі Құмар Ақсақалов .

Жоспар бойынша мемлекеттік қызметтерді 100-ге жуық аудандық және ауылдық пошта байланысы бөлімшесі көрсетеді. Солтүстікқазақстандықтар онда электрондық-сандық қолтаңбаға және басқа мемлекеттік қызметтерге онлайн тәртіпте қол жеткізе алады. Сонымен бірге арқылы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алуға немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға оңалту құралдарына өтінім беру қарастырылмақ.

Сонымен бірге цифрлық трансформациялау аясында әлеуметтік карталардың мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр. Қазпоштаның карталарына зейнетақы, жәрдемақы, жалақы аударуға болады. Алдағы уақытта электрондық жүйелермен ықпалдастыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, оларды көлік және мектеп карталары ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ. Карталарды пошта бөлімшелерінде, төлем терминалдарында, post.kz сайтында немесе мобильді қосымшасында толтыруға болады.


Соңғы жаңалықтар