«ҚазМұнайГаз» төрағасы Атырау облысында бірнеше маңызды нысанды аралады

Фото: None

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысында салынып жатқан полипропилен өндіретін біріккен газ-химия кешеніне барды.

Ұлттық компания басшысы алдымен кешенді пайдалануға беру дайындығын тексеріп, негізгі нысандарды аралап шықты.

Мәселен, пропан сақтау паркі, оны дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғыларын, дайын өнімді сақтау қоймасын, орталық зауыт зертханасын және орталықтандырылған операторлар залын қарап, жұмыс барысына баға берді.

Мағзұм Мырзағалиев инвестициялық жобаны іске асыруда едәуір жұмыс атқарылғанына тоқталды. Оның айтуынша, бірегей жобаның маңызы жоғары, сол себепті ол айрықша бақылауды қажет етеді.

«Біріккен газ химия кешенін салу жобасы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында, сондай-ақ қоғамның да жіті назарында», - деді KPI Inc. ЖШС-де өткен жиында басқарма төрағасы.

Айта кетейік, бұл кешен Атырау қаласынан солтүстік-шығысына қарай 33 шақырым, Қарабатан стансасынан солтүстікке қарай 8-9 шақырым жерде орналасқан.

Негізінде әлемдік аренада полимер өндіретін және сататын жаңа өндірушінің пайда болуы, бірінші кезекте, тұтынушыларға тікелей әсерін тигізеді.

Өйткені, шикізат жеткізушілер ауысып, қосымша марка түрлері пайда болады, сонымен қатар, жеткізудің баламалы жолдары ашылмақ.

Жылына 500 мың тонна өнім өндіретін біріккен газ-химия кешені «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ілкімді жобасына айналып, көмірсутектердің одан да терең өңделуін жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Мұндай бірегей жобаға «KPI Inc.» ЖШС жетекшілік етеді.

Бүгінде бұл нысанның жұмысы 99,20 пайызға орындалған. Кешен аумағында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған ұлттық компания басшысы куә болды.

Бұдан бөлек, Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) барды. Зауыт басшылығы «Tazalyq» жобасын жүзеге асырудың қазіргі нәтижелері туралы сөз етті.

«Tazalyq» – зауыттың ағынды суларын тазарту қондырғыларының жаңғыртылуын, сондай-ақ ауданы 860 гектар булану алқабын қалпына келтіруді көздейді.

Қазіргі уақытта тазарту қондырғыларын салу бойынша алғашқы кезеңнің құрылыс-монтаждау жұмыстары 73%-ға орындалды. Жоспарға сәйкес жоба келесі жылдың желтоқсан айында толық аяқталмақ.

Ұлттық компания басшысының жұмыс сапары «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) кеңсесіндегі жиынмен түйінделді.

Ембі басшылығы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасына «Интеллектуалды кен орны» жүйесін өз өндіріс орындарында енгізудің көрсеткіштерімен таныстырды.

Жоба өндіріс нысандарында технологиялық процестерге шұғыл талдау жүргізуді іске асыруға мүмкіндік береді.

Талдау жұмыстарына өндірісті басқару, көліктерге мониторинг жүргізу, арнайы техниканы пайдалану сияқты маңызды қызметтер кіреді.


Соңғы жаңалықтар