«Қазмұнайгаз» Маңғыстаудағы мұнайдан ластанған жерлерді тазартады – Экология министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда қалпына келтіру және қауіпті қалдықтарды жою қызметтерін лицензиялау ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Бізде ауыр өнеркәсіп, ауылшаруашылық кешенінің және тау-кен өндірісінің қалдығы көп. Еліміз бойынша шамамен 31 миллиард тонна өнеркәсіптік қалдық бар және жыл сайын шамамен 1 миллиард тонна қалдық жиналады. Бұл негізінен техногендік-минералды түзілімдер, соның ішінде аршыма тау жыныстары, күл-қоқыс, өңдеу өнеркәсіп қалдықтары және басқалары бар. Әрине, оларды өңдеу бойынша бірқатар жұмыс жүргізілуде. 2018 жылы өңдеу деңгейі шамамен 32% құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 9% жоғары. Қалғаны жыл сайын қалдық қоймалары мен полигондарға шығарылады, бұл – шамамен 680 миллион тонна», - деді министр ҚР Парламенті Сенатында «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Министр өнеркәсіптік қалдықтардың негізгі үлесі тау-кен өндіруші кәсіпорындарға тиесілі екенін атап өтті. Қазір техногенді-минералды түзілімдердің мемлекеттік кадастрінде 1500 нысан тіркелген. Олардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайту үшін нақты шаралар қабылдануы керек, бұған бірқатар кәсіпорын жұмылдырылған.

«Мәселен, 2018 жылы «Қазақстан алюминийі» АҚ өңделген карьерге 13,3 млн тонна тау жыныстарын төкті, ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ күл-қоқыс қалдықтарын жол құрылысында табиғи тас материалдардың орнына пайдаланады. Қауіпті өндірістік қалдықтарға мұнай қалдықтары да жатады.

Мұнай өндірісінен жылына 800 мың тоннаға жуық қалдық шығады, оның 500 мың тоннасы өңделеді. Сонымен бірге, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу және жою жұмыстарымен айналысатын бірқатар жауапсыз кәсіпорындар бар. Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті олардың қауіпті химиялық қалдықтарды жою қызметінен өрескел экологиялық бұзушылықтарды анықтады. Министрлік «ҚазМұнайГаз» ҰК меморандум бекітті, оның аясында Маңғыстау облысының мұнайдан ластанған жалпы көлемі 2,5 млн текше метр аумағын тазарту шаралары басталды. Экологиялық талаптарды күшейтіп, экологиялық заңнаманы реформалау аясында қауіпті қалдықтарды шығару мен жоюды лицензиялау енгізіледі», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар