Қазіргі заман қаһарманы: Қызды құтқарып көз жұмған полицейдің анасы марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы аяқталды. Бүгін 15 полиция қызметкері ерлігі үшін марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге Нұр - Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақмола, Павлодар, Түркістан , Солтүстік Қазақстан облыстарынан полиция қызметкерлері шақырылды. Олар өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, азаматтарды ажалдан аман алып қалған бүгінгі күннің батырлары. Барлығ 15 қызметкер облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Бейсеевтің Ішкі істер министрі атынан алғыс хат тапсырылды.

«Ерлік еш уақытта ұмтылмайды. Бүгінгі акцияның мақсаты ерлік пен батырлықты насихаттау. Өскелең жас ұрпаққа отансүйгіштік сезім мен патриоттық рухты беру. Даму – тұрақтылық пен тыныштық кезінде ғана болады. Қоғамдағы үйлесімділіктің маңызы зор. Мәртебелі іс жасап жүрген полицияның қызметі қауіп пен қатерге толы екені жасырын емес. Қоғамның тыныштығы жолында өздерін құрбан еткен батырларымыз аз емес», - деп атап өтті облыс басшысы Оңдасын Оразалин.

Акция кезінде Маңғыстау облысында өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқармақ болған полиция қызметкерлері Шалқар Ақымғалиевтің анасы да марапатталды.

Еске сала кетсек, Атырауда полиция суға батқан әйелді құтқарам деп мерт болған еді.

«Баламның арманы полиция қызметкері болу еді. Ол сол салада білім алып, антына берік болды. Адам өмірін құтқарамын деп өз өмірін қиды. Балам қазір арасызда жоқ. Ұлым жоқ болса да «батыр ана» деп шақырғандарыңызға алғыс айтамын. Батыр ұлдарымыз көбейе берсін», - деді анасы Ләззат Мәженқызы.

Қазақстан полициясының тарихында елдегі бейбітшілік пен тыныштық үшін өмірін қиған әріптестеріміздің ерлік үлгілері аз емес. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қызмет бабында 790 құқық қорғау саласының қызметкері ерлікпен қаза тапса, соның тоғызы Ақтөбе облысынан.

«Қазіргі жағдайда мемлекет пен қоғам полиция қызметкерлеріне жаңа талаптар қояды. Бұл ретте басты назар аударатын нәрсе халықтың ішкі істер органдарына деген сенімі болып табылады. Осыны ескере отырып, біз уақыт талаптарына жауап беретін қазақстандық полиция қызметкерінің жаңа келбетін қалыптастыру бойынша жұмысты түбегейлі қайта құруға ниеттіміз», - деді полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.

Соңғы жаңалықтар