Қазіргі Конституциямыз алашордалықтардың бағдарламасы негізінде жазылған деуге болады -ғалым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан тура 25 жыл бұрын, яғни 1995 жылғы 30 тамызда Ата Заңымыз республикалық референдумда қабылданған болатын. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, экс-сенатор, осы Конституцияны әзірлеу жөніндегі сарапшылар кеңесінің мүшесі болған Еркеш Нұрпейісовпен тілдескен еді.

Сұхбат барысында профессор Конституция тарихы, қазіргі Ата заңымыздың қалай қабылданғаны, ондағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жайлы әңгімелеп берді.

- Қазақ тарихында Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» ерекше орын алады. Осы орайда тарихи сабақтастық жайында сөз қозғап, қазіргі Ата заңымыз осы заңдардың ізбасары деуге бола ма?

- Әрине, ол замандағы заңдар тура мағынасында біздің Ата заңымыздан көрініс тапқан деп айту қиын. Олар қалдырған заңда қазақ халқының дәстүрлі өмір салты көрініс тапқан. Сол кездегі заңдар қоғамдық қарым-қатынасты ретке келтіріп отырды. Бірақ олар қалдырған заңның негізгі идеясы сақталып, заң түрінде бүгінгі Конституцияда көрініс тапқан тұстары да бар.

Қазіргі Конституциямыз алашордалықтардың бағдарламасы негізінде жазылған деуге болады. Мен сол кездегі зиялы қауымға таң қаламын. Әр салада жүрген адамдар болса да, үкімет саясатын қалай жүргізу керек, құрылымы қалай болу керек деген мәселеде әрбірінің ойы мықты болған.

- Қазақ тарихында ресми түрде алғаш Конституция қашан қабылданды?

- Қазақстанда Конституциялық заң ресми түрде 1937 жылы қабылданды. 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясы жасалған. Ол кезде Қазақстан РСФСР құрамында болғандықтан, оны Ресейдің жоғарғы билік органдары бекітуі тиіс еді. Бірақ оны бекітпеді, нақты не себепті бекітпегені әлі күнге дейін белгісіз. Оған қатысты әртүрлі болжам бар. Кеңес Үкіметінің Қазақстанға деген көзқарасы ерекше болды. Мысалы, көрші мемлекеттер Кеңес Одағының құрамына бізден бұрын кіріп кетті. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанның аумағын қосқанда Қазақстанның жер көлеміне жетпейді. Ол кездегі қазақтың саны да көп болды. Қазба байлығы тұрғысынан қарағанда да Қазақстан алда болды. Соған қарамастан Кеңес Үкіметі 1936 жылға дейін Қазақстанға Одақтық мемлекет деген атақты бергісі келмеді. Түркістан автономиясының Конституциясы болды, ал Қазақ автономиясының Конституциясы болған жоқ. Революцияға дейін Қазақстанда егеменді мемлекет құруға қатысты қозғалыс өте күшті болды. Кеңес үкіметі сол себепті Қазақ автономиясына қырын қарады деп ойлаймын. 1937 жылы ғана Қазақстанға Одақтық Республика атағын берді.

- 1926 жылғы және 1937 жылғы Конституцияның қандай айырмашылығы болды?

- 1926 жылы жазылған Конституция Қазақ автономиясының барлық органдарында қаралып, бекітілді. Онда Қазақстан егемендігінің барлық құқығы жазылды. Ресейдің кейбір заңы Қазақ автономиясының заңына қайшы келсе, жергілікті органдар оны орындамауға құқылы деген тармағы болды. Өкініштісі сол, соның бәрі қағаз жүзінде қалып қойды. 1937 жылғы Конституциядағы заңның бәрі бірбеткей болды. Бұл кезде орталықтандырылған жүйе қалыптасты. Әр деңгейде кеңестің атқарушы органдары болды. Олар жоғары атқарушы органдарға бағынды. Осының бәрінің үстінде Коммунистік партия тұрды. Компартия нұсқауынсыз ешбір атқарушы орган шешім қабылдай алмайды. Сондай-ақ дәл сол кезде жоспарлы экономика деген шықты. Қазіргідей цифрлық технология, кәсіпкерлік сала дамыған кез емес, ол заманда жоспарды өтірік орындау болды. Мысалы, Компартияның шешімімен 5 жылдық жоспарды 3 жылда орындау туралы шешім қабылданды. 5 жылдық жоспарды 3 жылда орындай салу мүмкін болса – онда бастапқыда-ақ дұрыс жоспар құрылмаған болып тұр ғой. 100 қойдан 150 қозы алу керек деген ұран болды. Олай болуы мүмкін бе еді? Қазақ халқы егіз туған қозыны келесі жылға жеткізбей сойып тастайды, себебі егіз туған қозы әлсіз болып, отарды әлсіздендіреді. Кеңес Одағының ыдырау себебінің бірі – осы, яғни экономикада дұрыс тәртіп болған жоқ.

- Ал енді 1993 жылы қабылданған Конституция мен 1995 жылғы Конституцияның айырмашылығы жайында айтып берсеңіз...

- 1993 жылғы Қазақстан Конституциясы - конституциялық дамудағы бір көрнекті мәселе. Бұл кезеңнің өзі қиын болды. Ол Конституция Кеңес Одағы ыдырап, ал нарықтық экономикаға толық көшпей тұрған кезде қабылданды. 1993 жылғы Конституция «Компромистік Конституция» деген атақ алып кетті. Онда Президент пен Жоғарғы кеңестің құзіреті тең деп айтылғанымен, кеңестің құқылары басымдау болды. Президент әлдебір шешім қабылдаса, оны Жоғарғы кеңес қарап, бекітуі керек болды. Кадрлық тағайындау кезінде де Жоғарғы Кеңеспен келісе отырып шешім қабылдау керек болды. Бұл тежеуші факторға айнала бастады. Енді құрылған жас мемлекет көш соңында қалмау үшін тез әрекет етуі керек болды. Ол кезде әлі де кеңестік жүйеден толық арылмаған едік. Одан бір күнде құтылу мүмкін емес. 1991-1995 жылдар аралығы Қазақстан үшін өтпелі кезең болды. Осы кезеңде қабылданған Ата заң сол кездегі қоғамға сай болуы керек еді. Ол Конституция сол тұрғыда өзінің тарихи міндетін атқарды. Шынайы демократиялық қоғам құруға дайын бола бастаған кезде, яғни 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Конституциямыз қабылданды.

- Қазіргі Конституциямыздың қандай артықшылықтарын атап айтуға болады?

- Конституция бойынша Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде орнықты. Нарықтық экономикасы бар, адам құқықтарына басымдық беріледі, Конституцияда ол шегеленіп жазылған және қорғалады. Тағы бір мәселе - азаматтық қоғам. Азаматтық қоғам – діні, тілі, нәсіліне қарай кемсітуге жол берілмейтін, өзара келісімде өмір сүретін қоғам. Біз құқықтық мемлекет құрдық, бірақ әлі көп жұмыс істеу керек. Осы тұста сыбайлас жемқорлық проблемасы туралы айта кеткім келеді. Азаматтық қоғамның да, құқықтық мемлекеттің де алға қадам басуына үлкен бір тосқауыл – патернализм. Патернализм – туған-туысқан, таныс-тамырын билікке енгізуге талпыну. Қоғамда мұндай бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Патернализмнің бір көрінісі – жемқорлық. Мәселен, бұрын ұрлау деген ата-бабамызда болмаған. Оған дәлел ретінде қарапайым ғана мысал айтайын: киіз үйдің есігін жабатын құлпы болмаған. Ол ұрлық-қарлық болмағандықтан. Мал-жайды да қорғап-қоршамай, байлап қоя салған. Барымта деген – кек алу, ол мүлде басқа әңгіме. Егемендік алғалы тарихи санамызда болмаған нәрсе – жемқорлық орын алды. Жемқорлық – салдары, ал себебі – патернализм. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықты түп-тамырымен жоюға күш салып жатыр. Ол пара алғанды ғана емес, соған итермелегендерді де ұстау керек деп отыр. Мені сол қуантады. Сол үшін де оның саясатын қолдаймын.

- Біздің қоғамда адамдар конституциялық құқықтарын қаншалықты біледі деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, көбі Конституцияны ашып, оқымаған. Конституция – өте мықты идеологиялық құрал. Оны 5-11 сынып оқушыларына оқыту керек. Тарихымен таныстырып, жетістігін көрсетіп, тіпті қандай өзгеріс енгізуге болатынын талқылауға болады. Адам да, қоғам да өзгереді, сол себепті Конституцияда да заман талабына сай өзгеріс болуы – заңдылық. Ең бастысы – Конституцияның негізі, яғни азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, адам құқығы мен мүдделері қорғалуы туралы ұстаным өзгермеуі керек.

- 1993 және 1995 жылғы Конституцияларды әзірлеген сарапшы кеңесінің мүшесінің бірі болдыңыз. Бұл жұмысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жіті қадағалап, басшылық еткені белгілі. Сол тұста Елбасы сіздерге қандай талап қойды?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Конституция қабылдаған кезде Жоғарғы кеңесте былай деген еді: «1991 жылы Қазақстанның егемендігі туралы заң қабылданды. Осы уақытқа дейін Кеңес Конституциясымен келе жатырмыз. Демократиялық қоғам құратынымыз туралы дүние жүзіне жариялап қойдық. Енді жаңа Конституция қабылдауымыз керек». Сөйтіп 1993 жылы жаңа Конституция қабылданды.

Ал 1995 жылғы Конституция әзірленген кезде қоғам бір қалыпқа келе бастаған болатын. Демократиялық жүйеге бет бұрып, талай реформалар болған кез. Сол кездегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бізге «Бұл Конституция елдің бүгіні мен болашағы қалай болады деген болжаммен дайындалсын. Мінекей, жаңа тарихи таңдауымыз қалыптасты. Енді осыған сәйкес Конституция қабылдау керек. Заң жазғанда ештеңеден қорықпаңдар. Қандай сын-пікірлер айтылса да өзім көтеремін. Ол жауапкершілік өз мойнымда. Ең бастысы – жазғандарыңа халық сенетін болсын, одан кейін мені сендіріп көріңдер. Осы талап орындалса, жаңа Конституцияны қабылдаймыз» деді. Жазу барысында ол өз ойын қосып, сұрақтарын қойып, көңілі толмаған жерін айтып отырды.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар