Қазіргі ахуал бір жағынан 90-жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды - Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі ахуал 90-жылдардың басындағы қиын кезеңге ұқсайды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған үндеуінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз. Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда. Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді. Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс – шикізат, валюта және қаржы нарығының құлдырауы ушықтыра түсуде. Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз», - дейді Елбасы өз үндеуінде.

Оның айтуынша, қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды.

«Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік. Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын. Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау. Қазір коронавирус инфекциясының залалалын азайту және экономиканы тұрақтандыру жөніндегі арнаулы штаб жұмыс істеп жатыр. Азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық мақсатқа арналған заттардың тапшылығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалуда», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің бәрі орындалып, е лде құқықтық тәртіп қамтамасыз етіліп отырғанын айтады. Отандық кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынуда.

«Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды. Мен мұны толық қолдаймын! Сонымен қатар, қазіргі дағдарыс ұзағырақ уақытқа созылар болса, Үкімет оған қарсы шаралар әзірлеуге тиіс. Ондай жағдайда елімізді және азаматтарымызды қатаң үнемшілдікке, кешенді орнықты даму бағдарына шығуға дайындау керек», - дейді Елбасы.


Соңғы жаңалықтар