«ҚазГӨЗ» ЖШС: Өрт кезінде химиялық заттардың ағып кеткені туралы ақпарат жалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Нақберген Төлепов 16 шілдеде кәсіпорында болған өрт бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 22.15-те компрессорлық цехте ауа тоңазытқышы тұтанды. Біз дереу өртті сөндіру бойынша шаралар қабылдадық. Зауыт бірден тоқтатылды. Өртті сөндіруге жеке өрт сөндіру топтары мен ТЖД күштері жұмылдырылды. Сағат 22.52-де өрт сөндірілді. Ең бастысы қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ» – деп хабарлады Н. Төлепов.

Оның айтуынша, сағат 23.30-да мамандар кәсіпорынды шектеулі режимде іске қосуға кірісті. Қазір зауыттың жүктемесі шамамен 30 пайызды құрап отыр. Кәсіпорынды толық қуатына шығару үшін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, Н. Төлепов өрттің салдарынан тек ауа тоңазытқышының көтергіш конструкциясы ғана бүлінгенін атап өтті. Негізгі жабдыққа зиян келген жоқ.

Бұған қоса, ҚазГӨЗ директоры оқиға кезінеде химиялық заттардың ағып кетуі туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттарды жоққа шығарды. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтты.

«Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісі арқылы салқындату үшін қолданылады. Бұл жабдықта қандай да бір химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондықтан жұмыскерлер және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіптің жоқ екенін сеніммен айта аламын», – деді Н. Төлепов.

Оның пікірінше, зауыттың қызметі жақын арада толығымен қалпына келтірілетін болады және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бойынша аутқулар болмайды.

Айта кетейік, осыған дейін Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты өртенгенін хабарладық.

Сондай-ақ Маңғыстау облысын сұйытылған газбен қамтамасыз етуде іркілістер болмайтыны мәлім болды.



Соңғы жаңалықтар