Қазатомөнеркәсіп: IPO аясында шикізат қоры бойынша тыңғылықты есеп беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ІРО қарсаңында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ шикізат қоры бойынша нақты есепті жариялайды. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған ұлттық компанияның басшысы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«IPO аясында бізде шикізат қоры бойынша тыңғылықты есеп беріледі. Яғни барлық кен орындары бойынша мәлімет қамтылады. Компанияны бағалау кезіндегі негізгі бөлігінде оның қоры ескерілетінін түсіну керек. Осы орайда өндіру тұрғысында біздегі келісімшарттар назарда болады. Бізде алдағы уақытта өндіруге болатын қор әлі де жетерлік. Қазіргі кезде біз өндіре алатын 295 мың тонна бар. Жалпы, еліміздегі қордың деңгейі аталған көрсеткіштен жоғары», - деді Ғ. Пірманов.

Сонымен қатар ол қоймалардағы қор көлеміне тоқталды.  Стратегия бойынша компания алты айлық уран қорын немесе 6 мың тоннаға жуық жинақтайтын болады.

«Бірінші жартыжылдық соңында біздегі қор 11 мың тоннаға тарта болды. Бірақ жылдың екінші жартысында өте көп жеткізілімдерді жүзеге асырдық. Сәйкесінше, жыл соңына қарай қор көлемі төмендейді», - деді ұлттық компания басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, IPO аясындағы мәмілені «Қазатомөнеркәсіп» қарашаның ортасында аяқтамақ.

Соңғы жаңалықтар