Қазақтың «ұлттық коды» сақталған Ықылас музейіне саяхат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енген. 2018 жылы Мемлекет басшысы жарлығы шыққалы бері табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, бүкіл қазақтың болмысын шанағынан төгілткен домбыра енді жыл сайын ұлықталып келеді.

Елбасының ғылыми мақалаларында «ұлттық код, генетикалық жады» жайында айтылған болатын. Осы генетикалық жады домбыраның үні мен пернеден төгілген дыбыс иірімдерінде бар екені рас.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейі осындай киелі, қазақтың рухани байлығын паш ететін, құнды жәдігерлерге толы.

Музейге бір келген адам қазақтың киелі, көне аспабының тарихынан сусындап, көп мағлұмат ала алады.

Мұнда күй атасы Құрманғазының, Динаның, Ақан сері мен Біржан салдың, Махамбет Өтемісұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Ахмет Жұбанов сияқты он саусағынан өнер тамған азаматтардың қолында күмбірлеген аспаптарды көруге болады.

«Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші музейде сақталған ерекше экспонаттар адамды еріксіз өнер әлеміне алып кетеді.


Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне қасиетті домбыраға 2 үлкен зал берілген.

Музейдің Ғылым бөлімінің меңгерушісі Жансая Қожаханның айтуынша, музейде қазір 200-ге тарта домбыра сақтаулы.

Домбыра - қазақпен егіз аспап. Рухани мәдениетімізді осы күнге жеткізген қасиетті қара домбырасы. Оның пайда болуы және дамуы жайлы көп әңгімелер бар. Жошы ханның ұлымен байланысты Ақсақ құлан туралы аңызды да білесіздер. Қазақ халқы айта алмағанын, тілмен жеткізе алмағанын домбыраның күйімен күмбірлеткен.

«Соңғы кездерде жүргізілген археологиялық қазбалардан домбыраға ұқсас аспап табылуы, тасқа қашалған суреттер табылғаны домбыраның тарихы тереңде екенін білдірсе керек. Моңғолия жерінен 1500 жылдық тарихы бар домбыра табылды. Домбыраға ұқсас көне аспапты ШҚО Алтай жерінен археолог, тарихшы Зейнолла Самашев тапқан болатын. Көне жәдігер шамамен сақ дәуіріне сәйкес келеді»,- деді Жансая Қожахан.

Көптеген тарихи зерттеулерге сенсек, домбыра аспабының тарихы тым тереңде жатыр.

Оған әр аймақта табылған археологиялық қазба жәдігерлері куә.

Мамандардың айтуынша, домбыраның өзі географиялық ерекшелікке қарай екі түрге бөлінеді. Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Жетісу жерінде қалақ түріндегі домбыра кеңінен таралған.

Қалақ пішінді домбыра атақты Ақан серіде, Біржан салда болған. Мұндай домбыра әнді сүйемелдеуде және шертпе күй орындауға қолданылады.

Ал жұмыр шанақ пішінді домбыра батыс пен оңтүстікте көп кездеседі. Ерекшелеп айтар болсақ, Махамбет Өтемісұлы, Сейтек Оразалыұлының домбыралары жұмыр шанақ пішінді. Жұмыр шанақ домбыраларды кейбір шеберлер түрікмен домбырасына ұқсатып тұтастай мойнымен жасаған. Жұмыр шанақ домбыра көбіне динамикалық төкпе күйлерді орындауға арналған.



Маманның айтуынша, ең әсем қоңыр әуен малдың ішегінен жасалған домбыраларда болады.

«Ертеректе ата-бабаларымыз малдың ішегін пайдаланған. Қазір оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Сонымен қатар, тез шіриді. Қазір оның орнына желкі, жібек жіп қолданады. Әуеніне келер болсақ, табиғи жасалған ішектен жасалған домбыраның үні керемет болады. Домбыра құралып та жасалады. Сондай-ақ, небір мықты шеберлер оны тұтас ағаштан ойып та жасайды», - деді Жансая Қожахан.

Музейде жылына екі рет «Аңыз домбыра» атты домбыра жасаушы шеберлердің конкурсы ұйымдастырылады. Конкурс жеңімпаздарының домбыралары музей қорына алынып, экспозицияға қойылады. Бұл конкурс алғаш рет 2016 жылы өткізіліп, 2018 жылы жалғасын тапқан болатын. Конкурстың мақсаты - қазақтың көне домбырасының қоңыр дауысын қолданысқа қайта шығару. Сол себептен де конкурсқа тек тұтас ағаштан ойылып жасалған аспаптар қатыстырылды.

Мұнда жеткізілген домбыралардың барлығының келу тарихы да әртүрлі. 2017 жылы музейге тапсырылған Ақан серінің домбырасын Сәкен сері Жүнісов Ақанның ғашығы Ақтоқтының ұрпақтарынан алған. Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесін, оның шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасын белгілі күйші Едіге Нәбиев тапсырған. Динаның домбырасы 1980 жылы Атырау тарихи өлкетану музейінен жеткізілген.

2019 жылы музей қоры тағы бір құнды экспонат - Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасымен толықты.

Шәкәрім қайтыс болған соң, аспап оның ұлы Ахаттың қолында қалған. Ахат қарттан - Семейдегі бір мұғалімге, кейіннен ол мұғалімнен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректорына өткен. Оқу орнының басшысы аспапты Шәкәрім өнерінің жанашыры болып жүрген меценат Медғат Құлжановқа табыстайды. Медғат Кәрімұлы 2019 жылы жәдігерді Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне өткізді. Қазір домбыра осы музейде сақтаулы тұр.


Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы – қос ішекті, 13 пернелі, қалақша пішінді музыкалық аспап. Шанағы тұтас қарағайдан шауып жасалған, дыбыс ойығы үш бұрыш формасында. Әуелде аспап үш ішекті болған. Аспаптың халық арасынан табылуына жәрдемдескен дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали аспапты екі ішекке ыңғайлап, үшінші ішекті тақпауды ұйғарған.

Сонымен қатар, музейде ең көне экспонаттардың бірінің көшірмесі таңқалдырады. Ресейдің Саратов елді мекеніндегі көшпенділер қонысында домбыраға да, қобызға да ұқсайтын көне аспаптың фрагменттері табылды. Бұл шамамен ХІІІ-ХҮ ғасырларға тән жәдігер екені анықталды. Сарытаудан табылған ескі домбыра Музей экспонаттарын тамашалай отырып жер бетіндегі халықтар тек қана экономикалық географиялық тұрғыдан ғана байланыста болмағанын анық аңғаруға болады.

Музейде орналасқан басқа ұлт өкілдерінің ішекті аспаптары көне мәдениеттің сабақтастығы, мәдениеттер байланысынан сыр шертеді. Тіпті Африканың Марокко еліндегі тайпаларда да домбыраға ұқсас аспап бар екен. Атауы да ұқсас – Гамбри.

«Туыстас халықтардың қайсысын алсақ та, аспаптар өте ұқсас болып келеді. Түріктердің сазы, формасы бойынша келеді. Тек жасалу технологиясы басқа. Өзбектерде, қарақалпақтарда дутар аспабы бар. Қырғыздың қомузы да қазақтың домбырасына ұқсайды. Түрікмендер аспаптарына металл ішек тартса, өзбектер біз сияқты желкі тартады», - деді ол. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне көбіне шетелдіктер жиі келеді. Өйткені олардың қызығушылығын тек домбыра ғана емес, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары тудырып отыр.

Қазақтың ұлттық аспабының әлемге паш етілуіне Қазақстанның мәдени күндері тағы басқа мәдени шаралар ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, әлемде танымал бола бастаған Димаш Құдайберген де концерттерінде міндетті түрде домбыра шертіп, көпшілікке насихаттап келеді.


Соңғы жаңалықтар