Қазақтың екі балуаны «Әлем барысының» жартылай финалына өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әлем барысы-2018» сайысында жартылай финалға шыққан балуандардың есімдері анықталды. Аталмыш чемпионат Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ширек финалдағы алғашқы белдесу Ресей балуаны Роман Бобиков пен поляк балуаны Петр Талачтың арасында өрбіді. Көршілес елдің балуаны полякты төртінші минутта таза жеңіп, қазақ күресінен шебер екенін дәлелдеді.

Бұдан кейін боз кілемге тәжік балуаны Дадахан Курбоналиев пен Қазақстанның намысын қорғап жатқан Ерсұлтан Мұзафаров шықты. Аталмыш белдесуде спортшылар бір-біріне лайықты қарсылас екенін паш етті. Тәжік балуанының аңысын аңдыған Ерсұлтан 5 минутқа созылған тартыста аз ғана басымдықпен жеңіске жетті. Айта кетсек, Ерсұлтан Мұзафаров бұның алдында өзінен 60 келі артық ирандықтан айласын асырған болатын.

Бұл кеште бәсекеге толы қызу күресті Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан) пен Айбек Нұғымаров көрсетті. Былтыр да кездескен қос балуан бір-бірін жақсы біледі. Алайда Айбек екі бірдей жартылай жеңіс ұпайына ие болып, өзбек балуанын үйіне қайтарды.

Ширек финалдың соңғы кездесуі қазақ балуаны Айбат Сейтен мен грузиялық әйгілі Гурам Тушишвилидің арасында өтті. Айбат айқасты жақсы бастағанымен, 1 минут 27 секундта гүржі балуанының айласына түсіп қалды.

Осылайша, Әлем барысының жартылай финалына Айбек Нұғымаров (Қазақстан), Ерсұлтан Мұзафаров (Қазақстан), Роман Бобиков (Ресей) пен Гурам Тушишвили (Грузия) шығып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан атынан сынға түскен бес балуанның екеуі - Руслан Әбдіразақов пен Нұрдәулет Жарылғапов алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалған болатын. 

Еске сала кетейік, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Әлем барысы» абсолюттік әлем чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионатты «Qazaqstan» және «Qazsport» арнасынан тікелей эфирден көруге болады.

Соңғы жаңалықтар