Қазақты таныту үшін шетелде Абай орталықтары керек - Ұлықбек Есдәулет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абай мұрасы, шығармалары еш уақытта ескірмейді. Мұндай пікірді Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған шарадан кейін ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, Абайдың философиялық мақсат-мұраттарының біразы биылғы мерейтойына арналған бағдарламаларға енгізіліп, жоспарларға кіргізіліп, қолға алынып жатыр. Жалпы, ол кісінің лирикасы, поэзиясы балабақшадан бастап оқытылуы керек деген идеяға толық қосыламын. Осы уақытқа дейін »бізде ұлттық идеология жоқ« деп келдік. Негізінде біздің ұлттық идеологиямыздың ең басты құрамдас бөлігі осы Абайдың асыл мұраларында тұнып тұр. Абайдың «толық адам» деген ұғымы кемел адам деген мағына береді. Шынын айтқанда оның осы ұмтылыстары келешекте ұлттың, халықтың кемелденуіне алып келеді. Қай уақытта да кемшіліксіз адам болмайды. Бірақ, адамның ішкі дүниесін, жүрегін, көңілін, сезімін, ойын асыл арнаға, ізгілікті арнаға бұруы дейтін мұратты қолға алып жатқанымыз қуантады. Кейде кештеу де ойлап қаласың. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Абай мұрасы, шығармалары еш уақытта ескірмейді», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен қатар Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы еліміздің шетелдегі елшіліктері жанынан Абай орталықтарының ашылатындығына қатысты пікірін білдірді.

«Жақында Польшада бір орталық ашылды. Таяу күндерде Прагада Абай орталығы ашылады. Одан кейін Будапешт қаласында ашылайын деп отыр. Қазір Елшіліктер мен еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп, оны өткізудің бағарламасын бекітті. Ол шараларға абайтанушыларымыз, ғалымдарымыз барады. Бұл енді шынын айтқанда басы ғана. Мәселен,бізде Конфуций институты, Гете үйі, сонымен қатар басқа да халықтардың үлкен-үлкен тілді де үйрететін, әдебиетті де оқытатын, философиясын да танытатын және өзінің мәдениеті мен саясатын жүргізетін орталықтар бізде баршылық. Ал біз Абай орталықтарын ашу арқылы қазақтың жан-дүниесін, әдеп-ғұрпын, Абай шығармаларын, Әуезов бастаған өзге де қаламгерлеріміздің шығармаларын насихаттаймыз. Қазақты біле түсу үшін Абай орталықтары керек», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар