Қазақтілді кино неге прайм-таймда көрсетілмейді - Отандық киноның өзекті мәселелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесі отандық кинематография саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылдың 3 қаңтарында тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Кинематография туралы» Заң қабылданған еді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заңнамада Қазақстан аумағында фильм шығару мен ұлттық фильмдер прокатына салықтық жеңілдіктер мен басқа да артықшылықтар қарастырылған. Мәселен, ұлттық кино өндірісінде қосымша құн салығынан 12%, оларды прокаттауда - корпоративті табыс салығынан 20% мөлшерінде босату, шетелдік өндірушілер үшін 30%-ға дейін субсидия беру көзделген.

Жалпы соңғы 10 жылда прокаттағы ұлттық кино үлесі 2009 жылғы 1,6% - дан 2018 жылы 14% - ға дейін10 есеге өскен. Жыл сайын кинотеатрларда 300-ден аса фильм көрсетілсе, оның 20-дан астамы - отандық фильм.

Ұлттық киноны прайм-таймға қоюды кәсіпкерлер қолдамады

Министр ұлттық кино қолдау және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат еткендерін жеткізді. Осы бағытта заң әзірлеу барысында ұлттық фильмдерді кинотеатрларда прайм-тайм уақытында (жұмыс күндері кешкі 19:00-ден түнгі 22:00-ге дейін) қою мәселесін көтерген. Ол үшін ең алдымен реттеушілік әсерді талдау (АРВ) рәсімін жүргізу қажет.

«Тиісті мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және прокаттау саласындағы кинобизнес өкілдерінің қатысуымен реттеушілік әсерді талдау рәсімі өтті және оның бірінші сатысында-ақ, аталған норма қолдау таппады. Отандық кинотеатрлардағы ұлттық фильмдердің қазақ және орыс тілдеріндегі прокатын мысалға келтірсек,бүгінде қазақ тіліндегі нұсқаға көрерменнің қызығушылығы мен сұранысы өте төмен», - деді А. Райымқұлова.

Бұл мәселе бойынша жиналысқа қатысқан «Атамекен» ҰКП Басқарма басшысының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев жауап берді.

«АРВ дегеніміз заңмен қарастырылған норма. «Атамекен» ҰКП Басқарма басшысының бірінші орынбасары бола тұра, мен осы норманың өтуін қанша қаласам да, нарықтың шешіміне бағынамыз. Еліміздегі прокатпен айналысатын компаниялардың сайып келгендегі пікірі осындай болды. Біз ол пікірді қолдауға міндеттіміз», - деді Э. Жұмағазиев.

Кинопрокат нәтижесін көрсететін ақпараттық жүйе әзірленеді

Қазіргі уақытта Қазақстанның кинонарық мониторингінде мемлекеттің жалғыз рөлі бар – ол көрсетілімге прокаттау куәлігін беріп, фильмнің жас индексін тағайындау. Мемлекет аумағына кіргізілген фильмдер саны, оларды көрсету жиілігі мен басымдықтарын анықтайтын ортақ база жоқ. Күнделікті сеанстар, сатылған билеттер, көрермендер санының градациясы бойынша да бірыңғай ақпарат көзі жоқ. Осы орайда, ҚРМәдениет және спорт министрлігі «Кинематография туралы» ҚР Заңына сәйкес, Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын бастады.

«2018 жылы «Зерде» АҚ-ға бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру бойынша инвестициялық ұсыныс жіберіліп, нәтижесінде оған теріс қорытынды берілді.Осыған орай, ақпараттандырудың сервистік моделі бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру ұсынысы енгізіліп, биыл 29 қарашада «Зерде» АҚ-ға «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру» жобасын қайта мақұлдауға жолдады. Бекітілген соң, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе әзірлеуге конкурс жарияланады. Бұл рәсім ұзақ уақытты талап ететіндіктен, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру және енгізу жұмысы келесі жылдың соңында аяқталады», - деді Мәдениет министрі.

Отандық жүйе әзірленіп болғанша, бұған балама нұсқа ретінде министрлік ресейлік жүйені уақытша қабылдауды ұсынып отыр.

«Бұл 2010 жылдан бастап жұмыс істейтін, әлемдегі ең үздік ақпараттық жүйенің бірі. Ресей тарапы бұл жүйені Қазақстанға өтеусіз негізде беруді ұсынып отыр. Ресейлік автоматтандырылған ақпараттық жүйені қабылдаған жағдайда, аттестациялаудан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанындағы Мемлекеттік техникалық қызметтен бағдарламалық кодын сынаудан өткізіп, оның қорытындысы бойынша сертификат берілуі қажет. Аталған жұмыстарға шамамен 1-2 ай уақыт кетеді», - деп түсіндірді министр.

Келесі кезекте Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, Салық және Статистика комитеттерімен интеграциялау жұмыстары жүрген соң ғана бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе өз жұмысын бастайды.

«Бұл нұсқа уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ пысықтау мен жетілдіруді қажет етпейді. Киноөндірушілер өз киноөнімдерінің қалай өткенін, қалай билет сатылғанын көру үшін автоматтандырылған жүйе керек. Қазақстандық өнім жасалғанша және енгізілгенше дайын жүйені енгізу керек болып отыр», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Қазақшаға қандай фильмдер дыбысталуы керек

«Дубляж бойынша нақты біздің пікіріміз - шетелден әкелінген барлық фильмдерді қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ. Сондай-ақ аталған заңның 14-бабына сәйкес, ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуы тиіс. Ал өзге фильмдерді қазақ тіліне аударудың үш нұсқасы – дубляждау немесе субтитрлеу немесе кадрдан тыс аударма қарастырылды», - деді министр.

Бұл халықаралық тәжірибе Қытайда, АҚШ-та бар көрінеді. Онда барлық фильмдерді түпнұсқа тілінен аудиторияның тіліне субтитрлермен қамтамасыз ету міндетті шарт болып саналады. Бұл - ең қолайлы және тиімді механизмдердің бірі.

Алайда, қазақша субтитрдің сапасыз аудармалары да жоқ емес. Министрлік осындай жағдайларды тоқтату мақсатында «Кинематография туралы» ҚР Заңының 7-бабы 7-тармағына сәйкес,«Отель Мумбай: Противостояние» фильмі прокаттау куәлігінің қолданысы күнтізбелік 60 күнге дейін тоқтатылды. Бұл тетік бүгінде кинопрокаттаушылар тарапынан қазақ тіліндегі аудармаларды сапалы жасауға сабақ болып отыр.

Онлайн кинотеатрдың мүмкіндігі көп

Қоғамдық кеңес мүшесі, теле-радиожүргізуші Әйгерім Есенәлі шалғайдағы аудандарға онлайн кинотеатрлардың қолжетімді болатынын жеткізді. Оның айтуынша, ресейлік онлайн кинотеатрлар өз туындымызды өзімізге сатып отыр.

«Қазір көпшілігіміз киноны үйде отбасымен Смарт ТВ, телефон арқылы көреміз. «Иви», «Мегогоу» сынды бірнеше ресейлік онлайн кинотеатрлар өзіміздің кинотуындыларды, қазақша дубляждалған фильмдерді өзімізге қайта сатып отыр. Кинотеатрдан алынған соң, сол сайттардан сатып алып көреміз? Неге өз елімізде онлайн кинотеатрды қаржыландыруды қарастырмасқа? Себебі еш ауданда кинотеатр жоқ, ол жақтағы қазақтілді тұрғындар жаңа фильмдерді тамашалай алмайды. Олар теледидардан көреді немесе YouTube.com шыққанын жарты жыл күтеді», - дейді журналист.

Журналист «Болашақ» корпоративтік қоры дубляждаған «Мұзды өлке - 2» мультфильмінің көрсетілімін сынға алды. Мәселен, бүгін елордадағы 9 кинотеатрда «Мұзды өлкенің» 138 сеансы өтсе, соның біреуі ағылшын, 16-сы қазақ тілінде және қалған 127-сі орыс тілінде көрсетілген.

«Бұл жерде субсидия ұсынысын қолдаймыз. Қазақ тілінде кино көретін көрермендердіңелеулі бөлігі аудандарда тұрады. Бизнес бастамашыларға онлайн кинотеатр ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс. Онлайн кинотеатр ашып, қазақша туындыларды арзан бағамен көруге мүмкіндік тудыру қажет», - деді Әйгерім Есенәлі.

Әлем елдері ұлттық киносын қалай дамытады

«Мирас» қоғамдық кеңесінің тағы бір мүшесі журналист, блогер Өркен Кенжебек ұлттық киноны дамытудағы әлем елдерінің тәжірибесімен бөлісті.

«Ұлттық кино немен айналысуы керек дегенде екі мысалды айту қажет деп есептеймін. Грекия немесе грек халқы өздерінің ұлттық биін сақтай алмады. Ал 1960 жылдары Голливуд «Грек Зорба» фильмін түсірді, сюжет бойынша гректер билеуі тиіс еді. Сол кино үшін Голливуд мамандары «Сиртаки» биін ойлап шығарды. Яғни, қазіргі гректердің мақтанышына айналған биді жасап берді. Екінші мысал - байлығымен көзге түсе қоймаған Румынияда «Қанішер Дракула» образы бар. Голливуд 1930 жылдан бері Дракула туралы 270 фильм түсірген. Соның арқасында Румыниядағы Бран қамалына жыл сайын 560 мың турист келеді», - деді блогер.

Оңтүстік Кореяда 1960 жылдары өз киносы тоқырауға ұшырап, Голливуд фильмдері жайлағанда мемлекет бизнесмендерді қыспаққа алып, ұлттық киноны 6-7 жыл бойы квоталауды енгізді. Аптаның бір күні тек қана кәріс киносы көрсетілді. Әрине, бизнес шығынға батты, бірақ 6 жыл квоталаудың арқасында кәріс фильмдерінің сапасы артты.

«Қытай өзінің ішкі нарығына жылына 42 шетелдік фильм ғана жібереді. Сол тізімге ену үшін Голливуд компаниялары адам айтқысыз бәсекеге түседі, Қытай оларға өз талабын қоя алады. Себебі, Қытайдың ішкі кинонарығы 9 млрд АҚШ доллары, салыстырмалы түрде қарасақ, АҚШ пен Канаданың жалпы нарығын қосқанда 11 млрд доллар пайда түседі. Әрине, мұндай нарыққа кез келген компания кіргісі келеді. Яғни, Қытай да, Корея да бизнесті тыңдаған жоқ, мемлекеттік пәрменін көрсетті. Екі жыл бұрын Тимур Бекмәмбетов қазақстандық фильм билетін шетелдік фильмдерден арзандау етіп сатуды ұсынды. Шетелдік фильмге билетті мың жарым теңгеге, қазақстандық фильмдерге - 500 теңгеге сатса және оны қосымша субсидияласа, нәтиже шығар еді», - дейді Өркен Кенжебек.

Сонымен бірге, қоғамдық кеңес мүшелері жиналыста ұлттық киноның көркемдік сапасы, отандық фильмдерге сұраныс, кадр тапшылығы, кинотеатрлардың аздығы тақырыптарын көтерді. Талқыланған мәселелер хаттамаға жазылып, «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар