Қазақстанның жаһандық диалог туралы бастамалары Братиславада Globsec форумында талқыланды

None
None
БРАТИСЛАВА. ҚазАқпарат – Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчоктың шақыруымен «Globsec» 15-ші халықаралық форумына қатысу үшін Братиславаға жұмыс сапарымен барды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сайтта жарияланған мәліметтерге қарағанда, жыл сайынғы осы іс-шара әлемдегі стратегиялық мәселелер бойынша жетекші конференциялардың, сондай-ақ Орталық және Шығыс Еуропа (ОШЕ) өңіріндегі ұқсас платформалардың бірі.

COVID-19 аясында адамзаттың алдындағы бұрын-соңды болмаған қиындықтарды ескере отырып, пандемияға байланысты барлық медициналық шектеулермен ұйымдастырылған «Әлемді бірге емдейік» атты форумда көптеген мәселелер талқыланды.

Күн тәртібіне пандемиядан кейінгі әлемдік экономиканың, саясаттың және халықаралық институттардың болашақ дамуы, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі Еуропалық одақ пен ОШЕ өңірінің даму траекториясы, цифрландыру және демократияның дамуы мәселелері кірді.

Форум аясында министр М. Тілеуберді Словакия, АҚШ және ЕҚЫҰ жоғары өкілдерімен қатар «Әлемді дефрагментациялау: тығыз ынтымақтастыққа негізделген болашақтың көрінісі» тақырыбындағы пікірталас сессиясына қатысты.


Қазақстан СІМ басшысы адамзат елдер арасындағы сенімсіздіктің өсуіне алып келетін көптеген проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. COVID-19 пандемиясына байланысты жаңа халықаралық шындық қалыптасып, оның негізгі трендтерінің арасына әлемнің әртүрлі бөліктерінде шешілмеген қақтығыстардың шиеленісуі, әлеуметтік-экономикалық және технологиялық дамудағы алшақтықтың өсуі, қоршаған ортаның ластануы және т.б. мәселелер кірді.

«Қазақстан өзара түсіністік пен құрметке негізделген барлық деңгейдегі сенімді диалогты қолдайды. Қазір әлемдік қоғамдастық мемлекеттер мен халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастардың сапалы жаңа моделін қажетсінеді», - деді М. Тілеуберді.

Осы тұрғыда министр форумға қатысушылардың назарына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 3D жаһандық және өңіраралық деңгейлердегі диалог туралы бастамасын ұсынып, АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ арасындағы жоғары деңгейдегі мазмұнды кездесуді ұйымдастыру қажеттілігі туралы идеяны ерекше атап өтті. Бұл ретте министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік проблемаларды шешуге барлық мемлекеттердің инклюзивті қатысуын қамтамасыз ететін басты халықаралық ұйым ретінде БҰҰ-ны жан-жақты нығайту қажеттілігі туралы қағидатты ұстанымын да атап өтті.

М. Тілеуберді Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың оң үрдістерін өңірлік деңгейдегі табысты және сындарлы диалогтың мысалы ретінде атап өтіп, Мемлекет басшысының Қазақстандағы билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайту туралы бастамаларын ұсынды.


Оның айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы мен нәтижелі жұмысы, сайлау, саяси партиялар, митингілер туралы заңнаманы реформалау, азаматтық қоғамды қолдау, сондай-ақ Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылуы сияқты қадамдар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын дәйекті іске асыруды білдіреді.

Осыған байланысты пікірсайысқа қатысушылар халықаралық қоғамдастық тарапынан одан әрі қолдауға тиісті Қазақстандағы демократиялық институттардың қарышты даму тәжірибесінің оң мәнін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар