Қазақстанның «Үздік ауыл әкімдері» анықталып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының жеңімпаздарын анықтау жөнінде республикалық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конкурстың алғашқы кезеңінде өңірлік комиссиялар шешімімен 14 ауыл әкімі республикалық кезеңге іріктеліп алынған еді.

«2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Қуатты өңір – қуатты ел» деп, өңірлердегі жергілікті билік жұмысын тиімділігін бағалау жүйесін енгізу керек деп айтқан болатын. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауын ұйымдастыру және өткізу жүктелген еді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауға болатынын атап көрсетті. Алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұған дейін болмаған тәжірибе – ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қоғам тарапынан да қызығушылық артып отыр», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев агенттікте өткен республикалық комиссия отырысында.

Конкурс өңірлік және республикалық іріктеу кезеңдеріне бөлінген және әр кезең бойынша өңірлік, тиісінше республикалық коммиссия құрылды.

«Республикалық конкурс комиссиясы құрамында «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Мұхимов, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші оынбасары Ринат Кертаев бар», - деді Д. Жазықбаев.

Өңірлік іріктеу кезінде әкімдер жергілікті тұрғындардың онлайн дауыс беруі, әкімдердің эсселері мен жобалық жұмыстары, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, әкімдердің әдеп нормаларын сақтауы, карантин кезінде атқарылған шаралар және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша бағаланған еді.

Байқаудың республикалық кезеңінде әкімдер комиссия отырысына онлайн қатысып, ауылдық елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу бойынша дербес жобалық жұмыстарын таныстырды.

«Байқау нәтижесі ертең жарияланады. Нәтижесінде қатысушылар 1,2,3 орындармен және «Іскер-шаруашыл әкім», «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» және «Халыққа ашық әкім» номинацияларымен марапатталады. Марапат өңірлердегі облыс әкімдіктеріне жіберіледі және облыс әкімі деңгейінде тапсырылады. Республикалық кезеңде барлық қатысушылардың жобаларына қараймыз. Жақсы жобалар болса, облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жобаны бюджеттен қаржыландыруға көмек көрсетеміз», - деді Дархан Жазықбаев.


Соңғы жаңалықтар