Қазақстанның төрағалығы - ЕҚЫҰ дамуының жаңа сатысы - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 16-сы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Сәрсенбінің сәті, қаңтардың 13-інде Вена қаласындағы тарихи орындардың бірі - Хофбург сарайының концерт залында Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жауапты қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Концертті Австрияда тіркелген шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, Австрияның көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елдерінде тұрып жатқан қазақ қандастарымыз, сондай-ақ Вена қаласының талғампаз тұрғындары тамашалады. Мерекелік айтулы шараны ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Австрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггер сөз сөйлеп ашты. Еуропа төрінде өткен мәдени кештің егжей-тегжейін басылымда жарық көрген «Қазақ өнеріне Еуропа жұртшылығы қол соқты» атты мақаладан оқи аласыздар.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев орасан көп адам шығыны болған алапат зілзала салдарына байланысты Гаити Республикасының Президенті Рене Превальдің атына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Гаити Республикасында болған қайғылы жағдай Қазақстанда терең күйзеліспен қабыл алынғаны атап өтілген. «Қазақстан Республикасы халқы атынан және жеке өз атымнан зардап шеккендердің отбастары мен жа­қын-туыстарына азалы көңілімді білдіргім келеді. Қазақстан Үкіметі Сіздің еліңізге барынша гума­нитарлық көмек көрсетеді», - делінген жеделхатта.

Екі күн Шымкентте кездесіп, алқақотан кеңес құрған Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан және Өзбекстан мемлекет­ара­лық су шаруашылығы үйлестіру ко­миссиясы жұмысын аяқтады. Отырыста 2009 жылы алынған міндеттемелердің толықтай орын­дал­ғанына талдау жасаған комис­сия мүшелері 2010 жылға ар­налған мәселелерді талқылады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мәселенің түйіні Қайраққұм су қоймасында» деген тақырыппен мақала жариялады. «Қазақстан өткен жылы судан айтарлықтай зиян шеккен жоқ. Эко­логиялық сауықтыру мәселе­ле­рін­де қол жеткен табыстары бар. Қызылорда облысының Ақылақ және Әйтей су бөгеттері арқылы 500 млн. текше метрге дейін су жиналған. Бұл - соңғы 10-11 жыл көлемінде жиналмаған мөлшер. Соның арқасында егіс көлемін ұлғайтып, балық шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік туған», деп жазады басылым.

Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда министрліктің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың: оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ, «Самұрық Энерго» АҚ-тардың өткен жылғы жұмысының негізгі қорытындылары қаралды. Алқа мәжілісінде Энергетика және минералдық ресурстар ми­нистрі Сауат Мыңбаев және аталған компаниялардың басшылары есеп берді. Алқалы жиын барысында айтылған жайттармен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Энергетикалық саланың ертеңі өркенді» атты мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрілігі Ақтауда атом электр стансысын салу, салмау турасында күмәнданып отыр. Бұл көзқарасты аталған ведомствоның басшысы Сауат Мыңбаев кеше Үкімет басшысының қатысуымен өткен министрліктің кеңейтілген алқасында білдірген.

Егер мердігерлер электр энергиясының бағасы бойынша ешқандай міндеттемелер және техникалық тәуекелдер бойынша байсалды кепіл бермесе жоба жүзеге асыруға тұрарлық па? Осы мәселеге ЭМРМ мамандары көңіл аударып отыр.

Алқа мәжілісі жайында «Алаш айнасы», «Эспресс-К», «Литер» басылымдарынан да кеңінен оқи аласыздар.

***

Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Индустрия және сауда министрлігінде өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы мақсат-міндеттерін талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Осыған орай «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде «Біз тек өзімізге ғана арқа сүйей аламыз» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда «Министрлік сауда-өнеркәсіптік палатаның, «Атамекен» одағының» белсенді қолдауымен 2009 жылы әртүрлі елдермен екіжақты 17 бизнес-форум өткізді. 150-ден астам шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізілді, оның 72-сі ендігі бізбен нақты жобалар бойынша келіссөздерге кірісті», деген ведомство басшысы Әсет Исекешевтің сөзі келтірілген.

Бұл алқа мәжілісі жайында «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы», «Эспресс-К», «Казахстанская правда» басылымдары да егжей-тегжейлі жазған.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - экономика ғылымының докторы, профессор Седеп Міржақыпова. Екеуара әңгіме барысында басылым қонағы экономикалық нарық, қаржы дағдарысы, оның негізгі себептері, несие саясаты, еліміздің банк қызметі тралы сауалдарға тұщымды жауап берген. «Қайтарылмаған несиеге қарыз алушы мен банктер бірдей жауапты болуы тиіс» деген тақырыппен жарық көрген сұхбаттың толық нұсқасын басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.

«Кеше қос шатырлы Парламенттің Жоғарғы палатасының депутаттары жаңа 2010 жылдағы алғашқы жалпы отырыстарына жиналды», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, жиынды ашқан Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев 2009 жылдың мемлекет пен қоғам үшін айтарлықтай маңызды оқиғаларға толы болғандығына тоқтала келе, өткен жылға өкпе жоқтығын, ал жаңа жылдан үміт көп екендігін, «Барыс жылдында» сенаторлар алдында да өте ауқымды, маңызды мақсаттар тұрғанын айтқан. Мақала «Қазақстанның төрағалығы - ЕҚЫҰ дамуының жаңа сатысы» деген тақырыппен берілген.

Ел сенаторлардың алғашқы отырысы жайында жазылған келесі мақаланы «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы» газеттерінен де оқи аласыздар.

«Сенатор атом өндірісін Елбасының тікелей басшылығына беруді ұсынды». «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, бұл пікірді кеше Парламент Сенатының 2010 жылдың алғашқы жалпы отырысында сенатор Ғани Қасымов білдірген. «Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жағдайларды ретке келтіру үшін өзіндік дербес орган құру керек. Мұндай дербес комитет қандай да бір министрлікке емес, тікелей Мемлекет басшысына, не болмаса Қауіпсіздік кеңесіне бағынатын болуы шарт», депті сенатор.

«Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінде Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдімен арадағы сұхбат жарық көрді. Екеуара әңгіме барысында ғалым «Соңғы жылдары, өкінішке қарай, тарих ғылымына кездейсоқ адамдар көп араласып кетті. Оған, тарихшылар, өзіміз де кінәліміз. Кезінде даярлығы жетімсіз көп кісілердің тарихи тақырыпқа кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғауына мүмкіндік бердік», деген пікірін білдірген.

***

«Бүгін елімізге Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл келеді. Дінбасының сапарына елімізде айтарлықтай мән берілуде. Белгілі діни көсемнің қадамына қазақ пен орыс халықтарының достығы, Ақорда мен Кремль арасындағы ынтымақ бұрынғыдан да ныға түсеріне сенім басым», деп жазады «Астана ақшамы» газеті.

Бүгін елорда төрінде бокстан Қазақстан чемпионаты басталады. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінде «Байрақты бәсеке» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда әр салмақ дәрежесінде кімдердің ел чемпионы атануы мүмкін екендігін тарқатып жазған.

Соңғы жаңалықтар