Қазақстанның шетелдегі елшіліктері ҚР ҰҚК күзетіне алынуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің шетелдегі елшіліктері ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің күзетіне алынуы мүмкін. Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында «Қарсы барлау қызметі туралы» заң жобасын талқылаудан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елшілік ресми түрде тек Ауғанстанда ғана (ҚР ҰҚК Шекара қызметі) күзетіледі. Жақында болған теракт (Түркиядағы) тиісті шараны қабылдау қажет екенін байқатып отыр»,-деді ол тілшілер сауалына жап беру кезінде.

Осы ретте ол шетелде дипломатиялық өкілдікті күзетке алу туралы мәселе оңайлықпен шешілмейтінін түсіндірді.
«Қауіптілік деңгейіне қарай еліміздің басқа елшіліктерінде күзетпен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Әзірге, Түркияда осындай күзет жайында алдын ала айта алмайтын, дегенмен де бұл мәселені қарастырамыз»,-деді Қалқабаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкіметтің отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанның шетелдегі Елшілік қызметкерлерінің қауіпсіздігі күшейтілетінін мәлім етті.

«Әрине, тиісті тапсырмалар берілді. Шетелде жұмыс істеп жүрген дипломаттарымыздың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Біздің дипломатиялық өкілдіктеріміздің қауіпсіздігі жөніндегі жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл тек Түркияға ғана байланысты емес. Дүниежүзіндегі елшіліктерімізге де қатысты. Әлемдегі ахуалды білесіздер. Тек Түркияда емес, Еуропа елдерінде де, Азия елдерінде де болып жатқан террористік актілерге қарсы тиісті шаралар қолданылады»,- деді Ашықбаев.

Сонымен қатар Ресей елшісі атып өлтірілген жерде Қазақстан елшілігінің қызметкерлері болған-болмағандығы белгісіз. Дегенмен бұл жайтқа қатысты ол еліміздің Сыртқы істер министрлігі тарапынан тиісінше түсініктеме берілетіндігін айтты.

Еске сала кетсек, Ресей елшісі 19 желтоқсан күні Анкарада «Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін» атты көрменің ашылуында сөз сөйлеу барысында атып өлтірілді.

Соңғы жаңалықтар