Қазақстанның Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қалай жүзеге асып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының аралық нәтижелерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын өзектендіру жөнінде айтып өтті. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы 2016 жылы бекітілген. Ол елдің отбасылық және гендерлік саясатын дамытудың негізгі тәсілдері көрсетілген мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады», - деді Ш. Байманов Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы Қоғамдық кеңес отырысында.

Оның айтуынша, тұжырымдама 3 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңді іске асыруға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты орган болды.

«Тұжырымдаманы іске асырудың 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспар 54 тармақтан тұрды. Осы кезеңнің негізгі нәтижелері: отбасы саясатын зерттеу саласында институционалды база құрылып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар – 2019» ұлттық баяндамасы әзірленді; тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді; пилоттық режимде отбасылық соттардың қызметі қамтамасыз етілді; отбасылық және гендерлік саясат саласындағы гранттық жобалар іске асыру басталды. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарын трансформациялау үшін нормативтік база құру жұмысы жүргізілді», - деп түсіндірді Ш. Байманов.

Ал екінші кезең шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2020-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспардың орындалуына 2020 жылы жаһандық коронавирустық пандемия да әсер етіп, шаралар онлайн форматқа ауысты.

«Жоспарланған 48 тармақтың 16 орындалды, 32 орындалу үстінде. Бұған қарамастан, келесідей аралық нәтижелерге қол жеткізілді: отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша заңнама жетілдірілуде; барлық өңірлерде «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылуда; гендерлік бюджеттеуді енгізу тәсілдерін сынақтан өткізу бойынша пилоттық жоба басталды. Жастар арасында репродуктивті денсаулықты нығайту мәселелері бойынша жедел желі іске қосылды; ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының әлеуметтік картасын әзірлеп, іске қосты», - деді ол.

Тұжырымдамада 2030 жылға дейін 9 нысаналы индикатор көзделген. Тұжырымдаманың бірінші кезеңін іске асыру қорытындылары бойынша 2020 жылға қарай 5 индикатор бойынша көрсетіштерге қол жеткізілді.

«Аталған индикаторлардың есебі уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми деректері бойынша жүргізілді. Айта кететін жайт, Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тұжырымдама индикаторларының есептеу әдістемесінің жобасын әзірледі, қазіргі таңда ол мемлекеттік органдардың келісуінде. Есептеу әдістемесі бекітілгеннен кейін индикаторлар нақтыланатын болады және оларға мониторинг пен талдауды сапалы жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Ш. Байманов.


Фото: old.syrboyi.kz
Соңғы жаңалықтар