Қазақстанның орман қоры қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі орман қорының көлемі мен қорды одан әрі жетілдіру шараларының қалай жүзеге асырылатындығы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде барлық облыстар бойынша қанша орман қоры бары белгілі. Яғни, әр облыс бойынша орман алқабының көлемі бар. Мысалы, Ақмола облысында - 55 га орман алқабы, Ақтөбеде - 64 мың га, ШҚО-да - 374 мың га, БҚО-да - 65,9 мың га, Қостанайда - 52 мың га, Қарағандыда - 26 мың га, Павлодарда - 87 мың га және Жамбыл облысында 1 млн га жуық орман алқабы бар. Қазіргі уақытта әр облыс әкімдігімен осы ағаш егу процесіне қатысты жеке-жеке есеп-қисап жүргізіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз 2025 жылға дейін ел көлемінде 2 млрд түп тал егуіміз керек», - деді Е. Нысанбаев.

Министр орынбасарының сөзіне сенсек, елімізде ағаш отырғызу, күту және оны жетілдірумен айналысатын арнайы ғылыми орталықтар бар.

«Аталған ғылыми мекемелердің өзіндік зерттеу аумақтары бар. Онда ағаштың бірнеше түрі отырғызылып, оны еліміздің қай өңірінде өсіруге болатыны анықталады. Бізде егілетін ағаштар - 2 жылдық көшет. Ол көшеттің ұзындығы - 7-10 см. Сондай-ақ, ғылыми тәжірибе бойынша біз ағаштарды жиі арақашықтықта егетін боламыз. Оның себебі - әр ағаштың өзінің табиғи өсу процесі бар. Сонымен қатар, ағаш экологиялық жағдайды жақсарту мақсатынан бөлек, тұрмыста қолдануға, яғни қураған немесе сынып, солып қалған ағаштарды пайдаға жаратуға да қажет. Және құрылыс саласында қолданылатын ағаштар бар», - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін вице-министр Е. Нысанбаев ел көлемінде жыл сайын 372 млн түп тал отырғызылатынын мәлім еткен болатын.


Соңғы жаңалықтар