Қазақстанның мемлекеттік шекара саясатының тұжырымдамасы әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара саясатының тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты тұжырымдамасын әзірлеу мәселесіне бастама жасады, оны Мемлекет басшысы қолдады. Осыған байланысты бұл бағыт бойынша жұмыстар уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп белгіленген тәртіппен жүргізілетін болады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Айта кетерлігі, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына жататын Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара саясатының тұжырымдамасын (негіздерін) (Ресей Федерациясының тәжірибесіне сүйене отырып) әзірлеу және қабылдауды ұсынған еді.

«Ресейде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру аясында Ресей Президентінің жарлығымен Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекара саясатының негіздері әзірленді және бекітілді. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық жоспарлау құжаты. Онда мемлекеттік шекара саясатын жүзеге асырудың мақсаты, негізгі міндеттері мен бағыттары ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік биліктің федералды органдарының, Ресей Федерациясының субъектілерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзара іс-қимыл тәртібін анықтайды», - делінген Сенат депутаттарының Үкімет басшысына жолдаған сауалында.


Соңғы жаңалықтар