Қазақстанның машина жасау саласының өнімдері қай елдерге экспортталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Қазақстан 741,8 млн долларға машина жасау өнімдерін экспорттаған. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде әлемдік сауданың 44%-ы, яғни 17,5 трлн АҚШ доллары машина жасау саласының өнімдеріне тиесілі. 2018 жылдан бастап машина жасау өнімдері импортының төмендеуі мен пандемия кезіндегі логистика қиындықтарына қарамастан, пандемиядан кейін бұл үрдісте өсу байқалып отыр. Оған қоса машина жасау индустриясындағы процестерді цифрландыру да маңызды рөл атқара бастады», - деді Ж. Кушукова.

Мәселен соңғы жылы электр қозғалтқыштары бар көліктердің халықаралық саудасы 1,5 есеге жуық өскен. Әлемдік сатылымда электроавтомобильдер (78%), электромопедтер мен велосипедтер (20%) көш бастап тұр, ал электр автобустардың үлесі бар болғаны – 3%. Қазақстан биылғы 7 айда 741,8 млн долларға машина жасау өнімдерін экспорттаған. Бұл көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,6%-ға көп.

«Қазақстандық машина жасау өнімдерінің негізгі нарықтары – ТМД елдері мен бірқатар ЕО елдері, АҚШ және Ұлыбритания. 2021 жылы импорттаушылардың алғашқы бестігіне Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Бельгия және Түрікменстан кірді. Өндірісті арттыру арқылы 2025 жылы машина жасау өнімдерінің экспортын 2,9 млрд АҚШ долларына дейін жеткіземіз деп үміттенеміз», - деді спикер.

Оның айтуынша, машина жасау саласында ең көп экспортталатын тауар арасында мойынтіректер бар, олардың шамамен 93%-ы экспортқа жіберіледі.

«Сонымен бірге, сыртқы нарықтарда 72% экспортталатын отандық электр аккумуляторларына және тең жартысы экспортталатын трансформаторларға жақсы сұранысты көріп отырмыз. Ресей нарығына келсек, ондағы барлық вагон-цистерна импортының шамамен 96% – қазақстандық өнім. Ресейлік мойынтіректер импортының да шамамен 45%-ын біздің отандық тауарлар құрайды. Өзбекстан нарығына да жеткізілетін қазақстандық конденсаторлар ұқсас тауарлар импортының жартысынан астамын құрайды. Бұл ретте Өзбекстанмен отандық автомобиль жасауды дамыту саласында жақсы қарым-қатынас орнағанын айтқым келеді», - деді Жанель Кушукова.


Соңғы жаңалықтар