Қазақстанның қай қалаларында қоқыс өңдейтін зауыттар салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Премьер-министр Асқар Мамин Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданған Экология кодексі өндіріске қауіпсіз технологияларды енгізуге мүмкіндік беретінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі экологиялық жағдайды жақсарту - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған маңызды міндеттердің бірі. Әлемнің көптеген елі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау бойынша жоғары мақсаттарды алға қояды. Осыған орай ең озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңа Экология кодексі әзірленді, онда «ластаушы төлейді – түзейді» деген қағида бекітілген. Кодексті биыл қабылдауға тырысу керек», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша жаңа реттеуші жүйенің шеңберінде өндіріске жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуге жол ашады.

«Экология проблемалары елдің барлық өңірлерінде қоғаммен талқыланды, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша өңірлік жол карталары бекітілді. Оларды іске асыру, озық технологияларды енгізу, жаңа экология кодексі нормаларын орындау 2024 жылы атмосфераның ластану индексін төмендетуге, жалпы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 2025 жылға дейін ормандардың аумағын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Тараз қалаларында қоқыс өңдейтін зауыттардың 6 пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кемінде 200 млрд теңге жеке инвестиция тартуға және қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу үлесін 30 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар