Қазақстанның халықаралық қоры 30 млрд долларға жуықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылғы ақпан айының соңында Қазақстанның халықаралық қоры 29,9 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен (29,1 млрд доллар) салыстырғанда 2,6 пайызға, осы жылдың қаңтарынан 1,9 пайызға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қорлардың валюталық бөлігі сәуірдегі жағдай бойынша біршама қысқарып, не бәрі 9,6 млрд долларды құрады. Ал 2015 жылдың ақпанында оның көлемі 21,3 млрд доллар болған еді. Халықаралық қордың құрамындағы алтын көлемі қарқынды өсіп келе жатыр. Бір жылдың ішінде Ұлттық банктың алтын-валюта қоры құрылымындағы монетарлық алтын көлемі 33,7 пайызға немесе 5,1 млрд долларға ұлғайып, 20,3 млрд долларға жетіп отыр. Соңғы 5 жылдың ішінде алтын қорының үлесі 26,1 пайыздан 67,9 пайызға дейін артты.

Толықтай алғанда, халықаралық қорлардың өсімі алтын сатып алу операцияларын жүргізу, сонымен қатар оның әлемдік нарықтағы бағасының көтерілуі есебінен орын алды. Айталық, 2020 жылдың 31 наурызындағы жағдайға сәйкес, алтынның 1 унциясының бағасы 1618,3 долларды құрап, жыл басынан бері 5,4 пайыз өсті.

Айта кетерлігі, әлемнің көптеген дамыған елдеріне мемлекеттің алтын-валюта қорындағы алтын үлесі басым бөлікті алады. Мәселен, ЕО елдерінде мемлекет қорындағы алтын үлесі орташа есеппен 58,6 пайызды құрайды. Осы жылдың наурызында әлем елдері ішінде АҚШ-тың алтын қоры ең көп болды. Бұл елде 8,1 мың тонна алтын бар. Ал Қазақстан алтын қоры бойынша жалпы әлемдік рейтингте 15-орында тұр. Елімізде 386,5 тонна алтын бар.


Соңғы жаңалықтар