Қазақстанның Халық партиясы жанынан «Халық кеңесі» құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Халық партиясы жанынан халық үніне құлақ асып, ел ішіндегі түйткілді мәселелермен айналысатын «Халық кеңесі» құрылады.

Бұл туралы аталған партияның жаңа төрағасы Айқын Қоңыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «Халық кеңесін» құруды қолға алып жатырмыз. Ондағы мақсат - халықтың мұң-мұқтажын біздің партия арқылы жоғарыға жеткізу. Онда кез келген адам өз мәселесі, сұрақтарымен қатар идеяларын ортаға сала алады. Яғни партияның мүшесі болу міндетті емес. Одан бөлек, кеңес құрамында түрлі сала сарапшылары болады. Біз халық кеңесінде көтерілген мәселелерді жергілікті және атқарушы органдардың алдына шығаратын боламыз. Еліміздің барлық облыс орталықтарында партияның филиалы бар, сол жерлерде әр өңірдің өз халық кеңесі жұмыс істейді», - деді А. Қоңыров тілшілердің сұрақтарына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, төраға жуырда партияның сайлауалды бағдарламасының бекітілетінін айтты.

«Біздің бастамамыз айқын және кедергілерді жеңетінімізге сенімдіміз. 2021 жылы өтетін Мәжіліс пен Мәслихат сайлауында да жеңіске жетеміз деген ойдамыз. Біздің сайлауалды бағдарламамызда басты басымдық елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Алдағы 23 қараша күні елордада жаңа атау алған партиямыздың кезектен тыс XVI съезін өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол жерде партияның сайлауалды бағдарламасы бекітілетін болады», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін аталған партияның атауы өзгергені туралы хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қазақстанның халық партиясының кезектен тыс XV съезінде Орталық комитеттің жаңа мүшелері сайланды .

Одан бөлек, аталған съезде дауыс беру арқылы бірауыздан партияның жаңа төрағасы сайланды.



Соңғы жаңалықтар