Қазақстанның экология саласындағы бастамаларына қолдау жасалады - БҰҰ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БҰҰ климат саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан бастамаларына қолдау жасайды. Бұл туралы БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үлейстірушісі Микаэла Фриберг-Стори мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық геосаяси сын-қатерлер тұрғысында экологиялық дағдарыс пен төтенше жағдайды байқап отырмыз. Сондықтан, бұл салаға инвестиция салу адамдардың болашағы үшін жақсы жағдай жасауға ықпал ететінін түсінеміз. Осы орайда, әлем елдерінің экологиялық дағдарысты еңсеру бойынша қадамдарына Қазақстанның қосып отырған үлесіне алғыс айтқым келеді. 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы бағыты, жаңа Экология кодексі, сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен басқа да бастамаларға тоқталсақ, осы салада Қазақстан дұрыс қадамдар жасап отырғанын атап өтуге болады. Климат мәселелері мен мақсаттары бойынша БҰҰ-ның осындағы елдік тобы Қазақстанды қолдауды жалғастыра береді», - деді Микаэла Фриберг-Стори елордадағы «Стокгольм+50» сарапшылардың ұлттық консультацияларының қортынды сессиясында.

Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова әлемдегі әрбір адам қоршаған ортаға ықпал ететін өзінің қызметіне жауапкершілікпен қарап, табиғат байлығын қорғауда тың қадамдар жасау керек екенін атап өтті.

«Осыған байланысты қоршаған ортаның ластануымен күрес бойынша үздік тәжірибелерді таратуда азаматтық сектордың талқылауларға қатысуы маңызды болып отыр. «Стокгольм+50» ұлттық консультациялары арқылы тұрақты даму моделіне Қазақстанның тезірек өтуі тәсілдерін талқылау маңызды. Экономиканы трансформациялау мен технологияларды дамыту есебінен әлем қарқынды өзгерістерді өткеріп жатыр. Осы саладағы қадамдар климат пен қоршаған ортаға да әсерін тигізіп отырғаны өкінішті. Еліміз көгалдандыру саласына қатысты тиісті жұмыстарды бастап кетті. Бұл ретте біздің министрлік экологиялық қызметті жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстарды қамтып отыр», - деді Зүлфия Сүлейменова.


Соңғы жаңалықтар