Қазақстанның барлық өңірінде қоқыс полигоны жетіспейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қалдықтарды басқару саласындағы проблемалар жылдан жылға шешілмей келеді. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, Ақмола облысында 617 елді мекен бар. Алайда, барлық қажетті рұқсат құжаттары бар полигондар тек 24 елді мекенде ғана бар, 249 елдімекенде полигондар санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді», - деп жазды Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, дәл осындай жағдай барлық өңірде байқалып отыр.

Мысалы, Ақтөбе облысында - 157 полигон, Қостанай облысында – 29, Солтүстік Қазақстан облысында – 333 полигон талаптарға сәйкес келмейді.

«Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу барлық өңірлер үшін өзекті мәселе болып қалуда. Бас прокуратураның 2021 жылы жүргізілген жоспарлы тексеруі тиісті министрліктің жиналған, тасылған, кәдеге жаратылған және қайта өңделген қалдықтардың көлемі мен оларды сақтауға арналған полигондар мен алаңдар, жұмыс істейтін субъектілер туралы деректерді толық білмейтінін көрсетті. Осыған байланысты Үкіметке анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шара қабылдау ұсынымы енгізілді», - деп хабарлады Бас прокурор.

Сонымен бірге, экология департаменттерінің басшылары мен экология министрлігінің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Қалдықтарды, қалдықтарды сақтауға арналған полигондар мен алаңдарды жинау, тасымалдау, қайта пайдалануға дайындау, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу, залалсыздандыру және кәдеге жарату жүйесіне қатысы бар табиғат пайдаланушыларға тексеру жүргізіледі.

«Осы тексерудің нәтижесі бойынша барлық облыс прокурорлары әкімдіктер мен экология департаменттеріне қадағалау актілерін енгізді, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына апатты қоқыстар, полигондардың болмауы, жабық полигондарды пайдалану және коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы басқа да мәселелер туралы хат пен оларды шешу бойынша ұсыныстарды жолдады», - деді Берік Асылов.


Соңғы жаңалықтар