Қазақстанның барлық өңірінде белсенді өмір сүру орталығы ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның барлық өңірінде белсенді өмір сүру орталығы ашылады. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда өңірлерде bottom-up (төменнен жоғары) қағидаты бойынша егде жастағы адамдармен жұмыс істеудің табысты мысалдары бар. Мәселен, Алматыда «Белсенді ұзақ өмір сүру» қалалық жол картасы аясында жүзеге асырылған, 7 аудандық филиалдары бар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Орталық «бір терезе» қағидаты негізінде үш бағыт бойынша қызмет көрсетеді: Белсенді ұзақ өмір сүру, Денсаулық мәдениеті және Қоғаммен байланыс. Орталықтың қызметі қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға (пассивті өмір сүру менталитетінің өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруге өзгеруі), оның ішінде бос уақытын жүйелі ұйымдастыруға, ішкі шығармашылық әлеуетті іске асыру үшін жағдай жасауға және басқаларға бағытталған.

«2018-2019 жылдары Алматының белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында тиісті қызметтерді 166 мың егде жастағы адам алды. Нәтижесінде егде жастағы белсенді азаматтардың саны 2 есеге артты, «Қажеттілік картасы» бірыңғай дерекқоры құрылды, цифрлық сауаттылық 15пайызға ұлғайды. Қызмет алушылардың 70 пайызында денсаулық пен психоэмоциялық жағдайдың жақсарғаны байқалады. Осыған байланысты, егде жандардың инклюзиясын қамтамасыз ету және оларды мемлекеттік қолдаудың сапалы шараларымен қамтамасыз ету үшін биыл қарттардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспарды қабылдау және әрбір өңірде белсенді ұзақ өмір сүрудің 1 орталығын іске қосу жоспарланып отыр», - деді Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар