Қазақстанның Азия кеңесіндегі төрағалығы аясындағы Үшінші жол картасына қой қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіндегі төрағалығы аясындағы Үшінші жол картасына қол қою шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатқа ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев пен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай қол қойды.

«Бүгін біз Қазақстан Республикасының Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіндегі төрағалығы аясындағы Үшінші жол картасына қол қойғалы жатырмыз. Осы жолы қол қойылатын Жол картасы төрағалықтың 2022 жылы іске асырылатын іс-шараларға арналған.

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті. Биыл біздің жоспарымыз бойынша осы Азия кеңесінің Нұр-Сұлтан қаласындағы Саммиті өтейін деп жатыр. Сондықтан да бүгінгі Жол картасына негізінен енгізілген сұрақтардың бәрі – осы Саммитке дайындық. Бұл Саммиттің ең басты мақсаты – қазір форум болып табылатын Азия кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру», - деді.

Оның айтуына қарағанда, аталмыш Жол картасында нақты іс-шаралар қамтылған.

«Неше түрлі форумдар, неше түрлі кеңестердің отырыстары, Саммит кезінде қол қоюға шығарылатын құжаттардың дайындығы бойынша неше түрлі мәселелер қамтылған.

Азия кеңесінің аясында Іскерлік кеңес, Жастар кеңесі, Ақылмандар кеңесі сияқты бірнеше кеңес бар. Министрлік деңгейіндегі, сарапшылар деңгейіндегі тұрақты кездесулер бар. Сондықтан бұл Жол картасы біздің жұмысымыздың ең негізгі құжаты болып есептеледі», - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Қол қою рәсімінен кейін Азия кеңесі хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Қазақстан астанасында өтуі жоспарланған Саммиттің мақсатына кеңірек тоқталды.

«Жаңа ғана қол қойылған Жол картасы – біздің Азия кеңесі хатшылығының жұмысын реттейтін құжат. Азия кеңесіне төрағалық жасап жатқан Қазақстан Республикасының басымдықтарын біз іске қалай асыратынымызды, өзіміздің қандай шараларды атқаратынымызды, қойылған мақсаттарға қалай жететінімізді анықтайды. Сондықтан бұл құжат біз үшін аса маңызды», - дейді ол.

Кеңес хатшылығының атқарушы директоры кеңесті халықаралық ұйымға тарнсформациялау бір күндік жұмыс емес екенін айтады.

«Қазақстанның ұсынысы бойынша бұл мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Азия кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бір күннің мәселесі емес. Алайда бұл трансформация басталу керек.

2021 жылы төрағалық бұл трансформацияны қалай атқаратынын кеңеске мүше 27 мемлекетке таратқан болатын. Жалпы қағидаларға ешбір мемлекеттің наразылығы жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы талдау және талқылау үрдісі биыл жалғасады. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін VI Саммит кезінде мүше мемлекеттер Азия кеңесінің халықаралық ұйымға айналу трансформациясы басталғанын ариялайды деген үміт бар», - деді Қайрат Сарыбай.



Соңғы жаңалықтар