Қазақстанның Әуе күштері жаңартылған ұшақтармен толықты
Модернизация барысында ұшақтарға жаңа цифрлық авионика, катапульттау жүйелері, байланыс және объективті бақылау құралдары орнатылды.
L-39 курсанттарды күндіз және түнде қарапайым және күрделі метеожағдайларда, ұшу техникасына бастапқы оқытуға, жауынгерлік қолдану элементтерін оқытуға, сондай-ақ оқу орындары мен әскери бөлімдердің ұшқыштар құрамын жаттықтыруға арналған.
Курсанттарға әуе кемесін меңгеруге тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушылар көмектеседі.
– Жалпы алғанда L-39 ұшағымен ұшу, авиацияны меңгерудегі алғашқы қадам болып табылады. Әрбір курсант үшін жеке өзі ұшу – өте маңызды сәт. Бұл ол болашақта қарапайым, күрделі пилотаж жасау, бұлттарда, төмен биіктікте, жерүсті және әуе нысаналары бойынша жауынгерлік қолдануға ұшу сынды кезеңдерге қол жеткізе алады дегенді білдіреді, – деп атап өтті оқу-авиация орталығы командирінің орынбасары подполковник Мақсат Бұратаев.
Aero L – 39 Albatros – ұшқыштар құрамын даярлауға арналған реактивті оқу-жауынгерлік ұшағы. Кейбір модификацияларын жеңіл шабуылдаушылар мен жойғыш ұшақтар ретінде пайдалануға болады. 2018 жылғы жағдай бойынша ол әлемнің 30-дан астам елінде пайдаланылған, ұшу училищелер курсанттарын даярлауға арналған негізгі машиналардың бірі болып табылады.
Реактивті қозғалтқыш 6500 м биіктікте 760 км/сағ жылдамдыққа жетуге мүмкіндік береді. Ұшақтың қару-жарағына бомбалаушы, басқарылмайтын зымыран қаруы және басқарылатын зымырандық оқу қаруы, көздеу және фото бақылау жабдықтары кіреді. Бұл тік шүйілу кезінде 50-100 кг калибрлі еркін түсетін оқ-дәрілермен мақсатты бомбалауды, С-5 типті басқарылмайтын зымырандармен мақсатты түрде оқ атуды, имитаторларды қолдана отырып, әуе нысаналары бойынша басқарылатын зымырандардың іске қосылу имитациясын орындауға мүмкіндік береді.