Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының картасы әзірленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының түйінді ұлттық индикаторларына қол жеткізу мақсатында стратегиялық карта әзірленді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының түйінді ұлттық индикаторларына қол жеткізу мақсатында біз стратегиялық картаны әзірледік. Стратегиялық картада түйінді ұлттық индикаторлар салалар және өңірлер бойынша жыл сайынғы мәндерді көрсете отырып бөлінген. Түйінді ұлттық индикаторларды бөлгенде олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты әр орталық мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органның үлесі анықталды»,- деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің атап өтуінше, салалар және өңірлер бойынша «еңбек өнімділігінің өсуі», «негізгі капиталға инвестиция жұмсау» «бақыланбайтын экономика үлесі» сынды үш кешенді индикатор бөлінді. 16 индикатор өңірлер бөлінісінде көрсетілді. 18 индикатор бойынша салалар және өңірлерге бөлінбестен мемлекеттік органдардың тікелей міндеттері айқындалды. Индикаторлардың болжамдары ресми статистикалық, ведомстволық және халықаралық мәлімет көздерінен алынып, қабылданған статистикалық және математикалық әдістемелер негізінде есептелінді, сондай-ақ, өңірлердің ерекшеліктері назарға алынды.

«Осылайша, Стратегиялық картаның барлық индикаторлары бойынша түрлі саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған оңды өсім динамикасы байқалады. Жалпы, қабылданған Стратегиялық карта Стратегиялық жоспардың индикаторларына қол жеткізуді қадағалауға және жоспарлы мәндерден ауытқыған жағдайда тиісті шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Түйінді ұлттық индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Стратегиялық картаның жоспарлы мәндері тек Стратегиялық жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда түзетілетін болады», - деді ол.

Оның айтуынша, мұнан арғы жұмыс мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төменгі деңгейдегі құжаттарын Стратегиялық картаға сәйкес келтіруге бағытталатын болады. Стратегиялық картаның индикаторларын іске асыру және оларға қол жеткізу барысын мониторингілеу жылына 1 рет Стратегиялық даму жоспарын мониторингілеу аясында жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар