Қазақстаннан Қытайға Европак флекситанкасында рапс майының алғашқы партиясы жөнелтілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Рапс майы тиелген алғашқы «Европак флекси-пойызы» шекара өткелдері арқылы Көкшетаудан Қытайға аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау станциясынан жөнелтілген рапс майы Қытайдың Тиэнджин портына жеткізіледі. Бұл Қазақстаннан Қытайға жөнелтіліп отырған Европак флекситанкасында майдың алғашқы партиясы. Қазақстан өнімдері үшін Қытай нарығы өте әлеуетті. Сол себепті де бәсекелестік жоғары. Отандық тауарлардың артықшылығы көбінесе сапасы мен экспорттаушыдан соңғы алушыға дейін жеткізу жылдамдығына байланысты. Әсіресе, жеткізу жылдамдығы маңызды фактор болып табылады.

«Барлығы 108 контейнерге салынған көлемі 2325 тонна рапс майы (108х20футтық контейнерлер) сұйық жүктерді тасымалдауға арналған ыңғайлы құймалы жүкті төгуге арналған полимерлік иілімді қап ыдыстарына салынған», - дейді «Европак» жауапкершілігі шектеулі қоғамының бас директоры Людвиг Тарханьян.

Ауыл шаруашылығы дақылын діттеген жеріне жеткізуді «KTZ Express» акционерлік қоғамының Оңтүстік филиалы ресейлік «Европак» компаниясымен бірлесіп қолға алып отыр. Контейнерлік пойыз Көкшетау станциясынан Ресейдің «Локоть – Находка» шекара өткелдері арқылы Қытайдың Тиэнджин портына жеткізіледі.

«Флекситанктармен тасымалдау – әртүрлі майларды, соның ішінде рапс майын тасымалдаудың прогрессивті әдістерінің бірі. Бұл жолғы рапс майын тасымалдау да осы әдіс арқылы жүзеге асырылады. Флекситанкті дәстүрлі цистерналардың баламасы деп санауға болады», - деп атап өтті «KTZ Express» акционерлік қоғамының басшысы Нұрлан Игембаев.

Қытай-әлемдегі рапс майының негізгі тұтынушысы. Бұл қазақстандық компаниялардан экспорттық өнімді жеткізу үшін басым бағыт. 2020 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстаннан Қытай Халық Республикасына 37 мың тоннадан астам осы өнім экспортталды.

Нұрлан Игембаев атап өткендей, «KTZ Express» акционерлік қоғамы ұсынған тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес бұл жеке логистикалық шешім болашақта басқа да отандық өндірушілер үшін тұрақты экспорттық сервис орнатуға мүмкіндік береді.



Соңғы жаңалықтар