Қазақстанға жыл басынан 6 мың қандас көшіп келді – вице-премьер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың қаңтар-шілде айларының аралығында Қазақстанға 6 мыңнан астам қандас көшіп келген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде басқа мемлекеттерде тұратын қандастар туралы мәселелер көбейіп кетті. Шынымен де, Елбасы кеше дұрыс айтты: қандастарын туған жеріне шақырып алған Қазақстан дүниедегі аз ғана мемлекеттердің бірі. Сіздер жақсы білетіндей, өткен уақыттың ішінде 1 миллионнан астам қандасымыз Қазақстанға көшіп келді. Олардың барлығына көмек жасалады. Ал енді бізге көмек жасалмады деген түсініксіз. Оларды зерттеп қарау керек», - деді Бердібек Сапарбаев Үкіметтің баспасөз орталығында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Вице-премьер қандастарға біріншіден, тұрғын үй бойынша көмек көрсетіліп, бірнеше өңірде тұтас ауылдардың салынғанын айтып өтті.

«Павлодар мен Шығыс Қазақстанда, Шымкент қаласында ауылдар салынды. Одан басқа, алты өңірде келетін біздің отандастарымызды Қазақстанның заңына, өміріне, салтына бейімдеу үшін Оңалту орталықтары салынған болатын. Одан кейін әрбір сырт мемлекеттен келетін отандастарымыздың жол шығындары, күнкөріске кететін шығындары, жұмысқа орналастыру, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыру, медициналық қызметпен қамту – барлығы мемлекеттің мойнында. Қазіргі есеп бойынша, өткен 25 жылдың ішінде 150 млрд теңгедей қаржы жұмсалды. Ол жұмыс енді жалғасын тауып жатыр. Осы өткен 7 айдың ішінде 6 мыңнан астам қандас көшіп келді. Бұл жұмыс жалғасын табады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Оның сөзінше, кейбір қандастарымыз дер кезінде құжаттарын тапсырмағандықтан, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр.

«Ол құжаттың мерзімі бір-ақ жыл. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мерзім осы жылдың аяғына дейін созылды. Соны пайдаланып, азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыз азаматтығын алуы керек», - деді Премьер орынбасары.


Соңғы жаңалықтар