Қазақстанға келетін авиажолаушыларға талап күшейді – Нұр-Сұлтан әуежайынан ФОТОРЕПОРТАЖ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен қазанның 5-інен 6-сына қараған түні әуежайлар халықаралық рейс жолаушыларын жаңа ережеде қабылдай бастайды. Жолаушыларға сауалнама, термометрия және ПТР анықтама міндеттеледі.

Осы орайда астаналық әуежай жаңа күшейтілген талаптарда қалай жұмыс істейтінін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауалнама ұшақ ішінде толтырылады

«Өздеріңіз білетіндей, шетелден халықаралық әуе рейстерімен келетін жолаушыларға қосымша шектеу шараларын енгізу туралы ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданды. Біз бүгін шекара қызметтерімен, әуе қауіпсіздігі қызметімен, санитарлық-карантиндік бақылау мамандарымен және эпидемиологтармен бірлесіп Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының әзірлігін тексердік. Ұшақтың Нұрсұлтан әуе айлағына қонуынан бастап, сыртқа шығуға дейінгі маршрут бойынша дайындық пысықталды», - деп атап өтті Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов.

Сауалнаманы ұшу кезінде ұшақ бортында бортсеріктер жүргізеді. Ұшақ қонған соң, сауалнама деректері эпидемиологқа беріледі.


«Бүгін түнде Түркиядан төрт рейс келеді, жолаушыларды санитарлық-карантиндік бақылаудың 8 маманы күтіп алады. Бұл жолаушылар ағынын реттеп, көп адамның жиналмауы үшін жеткілікті болады», - деді С.Байғабылов.

Шетелдіктер ПТР анықтамасыз Қазақстанға кіргізілмейді, тіпті өз еліндегі әуе бортына да жіберілмейді. Көптеген әуе компаниялары Қазақстандағы жаңа талап туралы СМС-хабарламалар таратты. ПТР анықтамасы бар шетелдіктер еш кедергісіз Қазақстан аумағына кіре алады.

Жолаушылар екі санатқа бөлінеді

Міндетті ПТР анықтамасы бойынша қазақстандық жолаушылар екі санатқа бөлінеді. Егер оларда COVID-19 теріс нәтижесі туралы анықтама болмаса, олар ПТР талдауын тапсыру үшін екі күнге дейінгі карантинге жіберіледі.

«Алайда бұл жолаушылар екі тәулік бойы карантиндік стационарда жатады деген сөз емес. ПТР талдау нәтижесі дайын болғанша стационарда оқшаулануы тиіс, әдетте талдау нәтижесін күтуге 6 сағат қана кетеді. Әр облыс орталығында осы мақсатта стационарлар қарастырылған. Нұр-Сұлтанда «Рамада плаза» қонақ үйі, Алматыда – төрт қонақ үй бар. ПТР нәтижесі теріс жолаушылар карантиндік стационардан шығарылады. Ал КВИ табылған жағдайда оларды емдеу үшін инфекциялық стационарға жібереді», - деді С. Байғабылов.

ПТР талдауын тапсыру мерзімі 72 сағаттан аспауы керек. Мәселен, жолаушы айдың 6-сы күні келсе, анализді 4-і күні тапсырады.

«Карантиндік стационарға орналасқан жолаушыларға ПТР талдау мемлекет есебінен жүргізіледі. Қазір де шетелдегі азаматтар бізбен байланысып жатыр, оларға ПТР-ды осында тапсыру әлдеқайда ыңғайлы», - дейді көліктегі бас санитар дәрігер.


Әуежай ішінде жолаушылар қалай тексеріледі

«Ұшақтан түскен жолаушылардың дене қызуы дәліздегі тепловизорлар арқылы тексеріледі. Әрі қарай көлік мамандары ПТР анықтамасы бар және жоқ жолаушыларды екіге бөліп отырады. Анықтамасы жоқ қазақстандықтар да шекаралық бақылаудан өтіп, өз жүгін ала алады. Адамдар топтасып тұрмауы үшін шекаралық бақылауда шетел азаматтарына төрт, қазақстандықтар үшін – төрт бағана орнатылған», - деп түсіндірді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ төрағасының инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Арнабол Бақыт.


Оның айтуынша, әуежайдың барлық қызметкерлері және санитарлық жұмысқа тас-түйін дайын. Әуежайдың барлық қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, маскалармен, антисептиктермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, қызметкерлер күн сайын медициналық тексеруден өтеді.

ПТР теріс анықтамасы бар жолаушылар жасыл дәлізден өтеді. Ал анықтамасы жоқтар бөлек дәлізбен арнайы автобусқа мінеді және карантиндік стационарға барады. Анықтамасы бар жолаушылар да жоғары дене қызуы анықталса, стационарға жіберіледі. Барлық жолаушының аты-жөні ақпараттық базаға енгізіледі және науқастпен байланыста болғандар – алдыңғы және артқы екі орындықтағы жолаушыларға хабар беріледі.

«Еш дүрлікпе болмайды деп үміттенеміз, біздің ақпарат барлық жолаушыға жетті деп үміттенеміз. Барлығы бақылауға алынған. Тепловизорлар дене қызуын дәл көрсетеді. Қызуы бар жолаушы анықталған жағдайда дереу оқшаулап, тіркеуге аламыз одан кейін СЭС, жедел жәрдем қызметкерлерін шақырамыз», - деді А. Бақыт.

Әуежай өкілі хабарлағандай, ғимарат ішіне коронавирусқа ПТР тест тапсыруға болатын зертхана орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта әуежай компаниямен келісімшарт жасасты және жақын арада бұл мәселе шешілуі тиіс.


Барлық әуежайларда дайындық бар

ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов астаналық әуежайдың дайындығын тексерді.

«Меніңше жолаушыларды күтіп алуда біздің тәжірибеміз бар және мұны бірінші рет ұйымдастырып отырған жоқпыз. Бұл жолы өткен қателіктердің алдын алуға тырысамыз. Басқа әуежайларда да дайындық бар деп айтуға болады. Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайларына жолаушылар көбірек келеді. Жалпы айтқанда, әуежайлар күшейтілген талаптарға дайын. Кейбір ұсақ-түйек ескертпелер айттым, бірақ оларды жарты сағатта ретке келтіруге болады», - деп бағалады бас санитарлық дәрігер.




Соңғы жаңалықтар