Қазақстанға қандай әскери техникалар сатып алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қарулы Күштерді жаңа қарумен және әскери техникамен жабдықтау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 370-тен астам әскери техника сатып алынды, 200-ден астамы күрделі жөндеуден өтті және жаңартылды. Алғаш рет Қазақстанның Қарулы Күштеріне «Бук» зениттік-зымыран кешендері келіп түсті. Одан басқа, төмен нысандарды анықтайтын «Роса» радиолокациялық станциялар алынды. Отандық өндірістен «Нұр» радиолокациялық станциялары алынып жатыр», - деді Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Артиллериялық барлауды дамыту үшін «Платформа» жылжымалы нысандарды барлау және контрбатареялық күрес радиолокациялық станциясы қабылданды. Министр осындай құралдармен жабдықтау процесі жалғасатынын айтты.

«Әскерімізге заманауи Су-30СМ ұшақтары, Ми-35 тікұшақтары, барлауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары да түсіп жатыр. Әскери техниканы жаңарту үшін Қорғаныс министрлігі елде қару-жарақтың кейбір жаңа түрлерін өндіру бастамасын көтерді», - дейді министр.

Сонымен бірге, министр әскери оқу орындары робот техникасы мен радиоэлектронды ұрысқа басымдық беріп, ғылыми зерттеулер жүргізетінін айтты.

«Әскери мамандар дронға қарсы қару және ұшқышсыз ұшатын аппараттарды әзірледі. Бірегей әскери-ғылыми взвод құрылды. Мысалы, олар құжаттарды берудің автоматтандырылған жүйесін әзірледі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі шығындар мен бюрократиялық рәсімдерді қысқартады», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.


Соңғы жаңалықтар