Қазақстанға ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы Анн Линде келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы төрағасы, Швецияның Сыртқы істер министрі Анн Линдемен кездесті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрайымы, Швецияның Сыртқы істер министрі Анн Линде ханым Орталық Азия елдеріне дәстүрлі аймақтық турнесі аясында Қазақстанға ресми сапармен келіп отыр. Қазақстан әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық барлық үш өлшемінде ЕҚЫҰ-мен белсенді өзара іс-қимыл жасауда. Еліміз ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекет және үкімет басшыларының Саммитін 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында өткізіп, «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» Астана декларациясын қабылдау арқылы Ұйымның қызметіне өз үлесін қосты. Біртұтас және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығының көзқарасын айқындады», - деген министр 2021 жылғы 19 ақпанда өткен Саммиттің 10 жылдығына және оның саяси мұрасына арналған онлайн-конференцияға Анн Линде ханымның қатысқаны іс-шараның абыройын көтергенін атап өтті.

Сондай-ақ, Мұхтар Тілеуберді әріптесін Швецияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының тиімді және жігерлі басталуымен құттықтады.

«Қазақстан Ұйымның беделін одан әрі нығайтуға және жан-жақты өзара әрекеттесуді тереңдетуге бағытталған ұзаққа созылған қақтығыстарды шешуде және сенім шараларын құруда, гендерлік теңдік пен адам құқықтарын, экологиялық қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлықпен күресті алға жылжытудағы басымдықтарды толығымен қолдайды.

Бүгін келіссөз барысында әріптесіммен қауіпсіздік саласындағы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі ұзаққа созылған қақтығыстарды реттеуді талқылап шықтық», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, бүгінгі келіссөздің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ арасындағы «Үш Диалог» бастамасы болған.

«Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан біз Ауғанстандағы жағдайды егжей-тегжейлі талқылап, қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен басқа да проблемалар Орталық Азия аймағынан да, халықаралық ұйымдардан да тұрақты қолдауды қажет ететіндігін атап өттік», - деді Мұхтар Тілеуберді.


Соңғы жаңалықтар