Қазақстанға әкелінген көліктің кедендік баж ставкасы өскен жоқ - комитет

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде Қазақстан аумағына әкелінген автокөлікті кедендік тазартудан өткізу үшін кедендік баж ставкасы ұлғайды деген ақпарат тарап жатыр. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеден бажының ставкасын Еуразия экономикалық комиссиясы белгілейді (ЕЭК Кеңесінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 80 шешімі) және бұл ставка Қазақстан Республикасы үшін міндетті болып табылады.

«Жеңіл автокөліктерге арналған баж ставкасы 2022 жылы өзгеріссіз қалды. Керісінше, Еуразиялық экономикалық одақ Кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 39 шешімімен тиісті құжаттар ұсынылған жағдайда электромобильдерді баж мөлшерлемесінің 15%-ынан босату түріндегі жеңілдік берілді. Ұсынылатын құжат түрін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі белгілейді. 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 46 шешімімен дайын өнімді өндіруге арналған шикізат және материалдар сияқты «сезімтал» тауарлардың жекелеген санаттарына кедендік әкелу бажының 0% мөлшерлемесі енгізілді» делінген комитет хабарламасында.

Сонымен қатар, тауарлардың кедендік құны ЕАЭО Кеден кодексінің
5-тарауына (тауарлардың кедендік құнын айқындаудың алты әдісі) және Еуразия экономикалық комиссия алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 шешіміне сәйкес айқындалады.

Автокөлік сатып алу кезінде азаматтар аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттеріне барып, кедендік тазартудан өткізгені жөн.

Заңсыз іс-әрекеттер фактілері және шағымдану үшін басқа да негіздер болған жағдайда, 14-14 қысқа нөміріне немесе 8-7172-71-81-71 нөміріне хабарлауға болады.

Сонымен қатар, утилизациялық алым мен кедендік баж бір-біріне ұқсамайтын екі бөлек алым және бір-бірін алмастыра алмайтынын ескеру қажет.

Қазақстан Республикасындағы тарифтік саясат шаралары - Сауда және интеграция министрлігінің құзыретіне, ал утилизациялық алым мөлшерлемесін бекіту - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жатады.


Соңғы жаңалықтар