Қазақстандықтарға жаңа айыппұл салынатындығы туралы ақпарат жалған- комитет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тараған жаңа айыппұл туралы ақпараттың жалған екенін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер бойынша берешегі бар азаматтар борышын осы жылдың 1 қазанына дейін өтемеген жағдайда оған 8 АЕК (20000 теңге шамасында) көлемінде айыппұл салынатыны туралы хабарлама таратылуда. Комитет бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды», - деді ведомстваның баспасөз қызметі.

Комитеттің хабарлауынша, жеке тұлғалар өткен жыл бойынша жер және мүлік салықтарын осы жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс. Көлік салығы 31 желтоқсанға дейін өтелуі керек.

«Қолданыстағы ҚР Салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақтылы төлемеген жағдайда өткізілген әр күнге өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ, биылғы жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық үрдісі жүруде. Оның талаптарына сәйкес, жеке тұлға берешегінің негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар