Қазақстандықтардың шетелде тәркіленген мүлкі қалай қайтарылмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Қаржы министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелде тәркіленген мүліктерін қайтару процесін реттемек. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелде тәркіленген мүліктерді қайтару мәселесі реттелмеген. Мәселен, қылмыскер болып шығып, тұтқындалды, мүлкі тәркіленді. Ал оған кім иелік етуі керек. Біздің еліміз бе, әлде басқа ма? Немесе дәл осындай жағдай біздің елімізде өзге елдің азаматына қатысты болуы да мүмкін. Кімге қандай үлес тиетіндігін екіжақты келісімдер арқылы қарастыруға тиіспіз», - деді Ә.Жұмаділдаев Әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Бұған дейін, ҚР Қаржы министрлігі елімізде Тәркіленген мүліктер қорының пайда болуы мүмкін екендігін хабарлаған болатын. Мұндай жаңалық «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы мәселер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдасында көзделген.

Соңғы жаңалықтар